Қазақстан Республикасының Конституциясы
1-бап. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары
1. Қазақстан Республикасы өзiн демократиялық, зайырлы, құқықтық және әлеуметтiк мемлекет ретiнде орнықтырады, оның ең қымбат қазынасы - адам және адамның өмiрi, құқықтары мен бостандықтары.
2. Республика қызметiнiң түбегейлi принциптерi: қоғамдық татулық пен саяси тұрақтылық бүкiл халықтың игiлiгiн көздейтiн экономикалық даму; қазақстандық патриотизм; мемлекет өмiрiнiң аса маңызды мәселелерiн демократиялық әдiстермен, оның iшiнде республикалық референдумда немесе Парламентте дауыс беру арқылы шешу.
Ескерту. 1-баптың 1-тармағына түсiнiктеме берiлдi - ҚР Конституциялық Кеңесiнiң 2001.12.21 N 18/2 қаулысымен.
2-бап. Қазақстан Республикасы - президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет.
1. Қазақстан Республикасы - президенттiк басқару нысанындағы бiртұтас мемлекет.
2. Республиканың егемендiгi оның бүкiл аумағын қамтиды. Мемлекет өз аумағының тұтастығын, қол сұғылмауын және бөлiнбеуiн қамтамасыз етедi.
3. Республиканың әкімшілік-аумақтық құрылысы, оның елордасының мәртебесі заңмен белгіленеді. Қазақстанның елордасы Астана қаласы болып табылады.
4. Қазақстан Республикасы және Қазақстан атауларының мәнi барабар.
Ескерту. 2-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.04.23. N 4 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
3-бап. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы - халық.
1. Мемлекеттiк билiктiң бiрден-бiр бастауы - халық.
2. Халық билiктi тiкелей республикалық референдум және еркiн сайлау арқылы жүзеге асырады, сондай-ақ өз билiгiн жүзеге асыруды мемлекеттiк органдарға бередi.
3. Қазақстан Республикасында билiктi ешкiм де иемденiп кете алмайды. Билiктi иемденiп кетушiлiк заң бойынша қудаланады.
Халық пен мемлекет атынан билiк жүргiзуге Республика Президентiнiң, сондай-ақ өзiнiң конституциялық өкiлеттiгi шегiнде Парламенттiң құқығы бар. Республика Үкiметi мен өзге де мемлекеттiк органдар мемлекет атынан оларға берiлген өкiлеттiктерi шегiнде ғана билiк жүргiзедi.
4. Республикада мемлекеттiк билiк бiртұтас, ол Конституция мен заңдар негiзiнде заң шығарушы, атқарушы және сот тармақтарына бөлiну, олардың тежемелiк әрi тепе-теңдiк жүйесiн пайдалану арқылы, өзара iс-қимыл жасау принципiне сәйкес жүзеге асырылады.
Ескерту. 3-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12. N 1/2 қаулысымен.
4-бап. Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтiк құқықтық
1. Қазақстан Республикасында қолданылатын құқық Конституцияның, соған сәйкес заңдардың, өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң, халықаралық шарттары мен Республиканың басқа да мiндеттемелерiнiң, сондай-ақ Республика Конституциялық Кеңесiнiң және Жоғарғы Соты нормативтiк қаулыларының нормалары болып табылады.
2. Конституцияның ең жоғары заңды күшi бар және Республиканың бүкiл аумағында ол тiкелей қолданылады.
3. Республика бекiткен халықаралық шарттардың республика заңдарынан басымдығы болады және халықаралық шарт бойынша оны қолдану үшiн заң шығару талап етiлетiн жағдайдан басқа реттерде, тiкелей қолданылады.
4. Барлық заңдар, Республика қатысушысы болып табылатын халықаралық шарттар жарияланады. Азаматтардың құқықтарына, бостандықтары мен мiндеттерiне қатысты нормативтiк құқықтық актiлердi ресми түрде жариялау оларды қолданудың мiндеттi шарты болып табылады.
Ескерту. 4-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.10.11. N 18/2 қаулысымен.
5-бап. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады
1. Қазақстан Республикасында идеологиялық және саяси әр-алуандылық танылады. Мемлекеттiк органдарда партия ұйымдарын құруға жол берiлмейдi.
2. Қоғамдық бiрлестiктер заң алдында бiрдей. Қоғамдық бiрлестiктер iсiне мемлекеттiң және мемлекет iсiне қоғамдық бiрлестiктердiң заңсыз араласуына, қоғамдық бiрлестiктерге мемлекеттiк органдардың қызметiн жүктеуге жол берiлмейдi.
3. Мақсаты немесе iс-әрекетi Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертуге, оның тұтастығын бұзуға, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiруге, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық араздықты қоздыруға бағытталған қоғамдық бiрлестiктер құруға және олардың қызметiне, сондай-ақ заңдарда көзделмеген әскерилендiрiлген құрамалар құруға тыйым салынады.
4. Республикада басқа мемлекеттердiң саяси партиялары мен кәсiптiк одақтарының қызметіне, дiни негiздегi партияларға, сондай-ақ саяси партиялар мен кәсiптiк одақтарды шетелдiк заңды тұлғалар мен азаматтардың, шет мемлекеттер мен халықаралық ұйымдардың қаржыландыруына жол берiлмейдi.
5. Шетелдiк дiни бiрлестiктердiң Республика аумағындағы қызметi, сондай-ақ шетелдiк дiни орталықтардың Республикадағы дiни бiрлестiктер басшыларын тағайындауы Республиканың тиiстi мемлекеттiк органдарымен келiсу арқылы жүзеге асырылады.
Ескерту. 5-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.06.07. N 4/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
6-бап. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады
1. Қазақстан Республикасында мемлекеттiк меншiк пен жеке меншiк танылады және бiрдей қорғалады.
2. Меншiк мiндет жүктейдi, оны пайдалану сонымен қатар қоғам игiлiгіне де қызмет етуге тиiс. Меншiк субъектiлерi мен объектiлерi, меншiк иелерiнiң өз құқықтарын жүзеге асыру көлемi мен шектерi, оларды қорғау кепiлдiктерi заңмен белгiленедi.
3. Жер және оның қойнауы, су көздерi, өсiмдiктер мен жануарлар дүниесi, басқа да табиғи ресурстар мемлекет меншiгiнде болады. Жер, сондай-ақ заңда белгiленген негiздерде, шарттар мен шектерде жеке меншiкте де болуы мүмкiн.
Ескерту. 6-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.11.03. N 19/2, 6-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.04.13. N 2/2, 2003.04.23. N 4, 6-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12. N 1/2 қаулыларымен.
7-бап. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi
1. Қазақстан Республикасындағы мемлекеттiк тiл - қазақ тiлi.
2. Мемлекеттiк ұйымдарда және жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарында орыс тiлi ресми түрде қазақ тiлiмен тең қолданылады.
3. Мемлекет Қазақстан халқының тiлдерiн үйрену мен дамыту үшiн жағдай туғызуға қамқорлық жасайды.
8-бап. Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтейдi
Қазақстан Республикасы халықаралық құқықтың принциптерi мен нормаларын құрметтейдi, мемлекеттер арасында ынтымақтастық пен тату көршiлiк қарым-қатынас жасау, олардың теңдiгi мен бiр-бiрiнiң iшкi iстерiне араласпау, халықаралық дауларды бейбiт жолмен шешу саясатын жүргiзедi, қарулы күштi бiрiншi болып қолданудан бас тартады.
Ескерту. 8-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.04.12. N 1/2 қаулысымен.
9-бап. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздері
Қазақстан Республикасының мемлекеттiк рәміздері - Туы, Елтаңбасы және Гимнi бар. Олардың сипаттамасы және ресми пайдаланылу тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.
Ескерту. 9-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
10-бап. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады
1. Қазақстан Республикасының азаматтығы заңға сәйкес алынады және тоқтатылады, ол қандай негiзде алынғанына қарамастан, бiрыңғай және тең болып табылады.
2. Республиканың азаматын ешқандай жағдайда азаматтығынан, өзiнiң азаматтығын өзгерту құқығынан айыруға, сондай-ақ оны Қазақстаннан тыс жерлерге аластауға болмайды.
3. Республика азаматының басқа мемлекеттiң азаматтығында болуы танылмайды.
Ескерту. 10-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.12.01. N 12 қаулысымен.
11-бап. Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе
1. Республиканың халықаралық шарттарында өзгеше белгiленбесе, Қазақстан Республикасының азаматын шет мемлекетке беруге болмайды.
2. Республика өзiнiң одан тыс жерлерде жүрген азаматтарын қорғауға және оларға қамқорлық жасауға кепiлдiк бередi.
12-бап. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және
1. Қазақстан Республикасында Конституцияға сәйкес адам құқықтары мен бостандықтары танылады және оларға кепiлдiк берiледi.
2. Адам құқықтары мен бостандықтары әркiмге тумысынан жазылған, олар абсолюттi деп танылады, олардан ешкiм айыра алмайды, заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң мазмұны мен қолданылуы осыған қарай анықталады.
3. Республиканың азаматы өзiнiң азаматтығына орай құқықтарға ие болып, мiндеттер атқарады.
4. Конституцияда, заңдарда және халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, шетелдiктер мен азаматтығы жоқ адамдар Республикада азаматтар үшiн белгiленген құқықтар мен бостандықтарды пайдаланады, сондай-ақ мiндеттер атқарады.
5. Адамның және азаматтың өз құқықтары мен бостандықтарын жүзеге асыруы басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын бұзбауға, конституциялық құрылыс пен қоғамдық имандылыққа нұқсан келтiрмеуге тиiс.
Ескерту. 12-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.12.01. N 12, 2007.04.18. N 4 Қаулыларымен.
13-бап. Әркiмнiң құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқығы бар және өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын, қажеттi қорғанысты
1. Әркiмнiң құқық субъектiсi ретiнде танылуына құқығы бар және өзiнiң құқықтары мен бостандықтарын, қажеттi қорғанысты қоса алғанда, заңға қайшы келмейтiн барлық тәсiлдермен қорғауға хақылы.
2. Әркiмнiң өз құқықтары мен бостандықтарының сот арқылы қорғалуына құқығы бар.
3. Әркiмнiң бiлiктi заң көмегiн алуға құқығы бар. Заңда көзделген реттерде заң көмегi тегiн көрсетiледi.
Ескерту. 13-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22. N 7/2, 2002.02.15. N 1 қаулыларымен.
14-бап. Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең
1. Заң мен сот алдында жұрттың бәрi тең.
2. Тегiне, әлеуметтiк, лауазымдық және мүлiктiк жағдайына, жынысына, нәсiлiне, ұлтына, тiлiне, дiнге көзқарасына, нанымына, тұрғылықты жерiне байланысты немесе кез келген өзге жағдаяттар бойынша ешкiмдi ешқандай кемсiтуге болмайды.
Ескерту. 14-баптың 1 және 2-тармақтарына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10. N 2/2, 14-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22. N 7/2 қаулыларымен.
15-бап. Әркiмнiң өмiр сүруге құқығы бар
1. Әркiмнiң өмiр сүруге құқығы бар.
2. Ешкімнің өз бетінше адам өмірін қиюға хақысы жоқ. Өлім жазасы адамдардың қаза болуымен байланысты террористік қылмыстар жасағаны үшін, сондай-ақ соғыс уақытында ерекше ауыр қылмыстар жасағаны үшін ең ауыр жаза ретінде заңмен белгіленеді, ондай жазаға кесілген адамның кешірім жасау туралы өтініш ету хақы бар.
Ескерту. 15-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30. N 10 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
16-бап. Әркiм өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы бар
1. Әркiм өзiнiң жеке басының бостандығына құқығы бар.
2. Заңда көзделген реттерде ғана және тек қана соттың санкциясымен тұтқындауға және қамауда ұстауға болады, тұтқындалған адамға шағымдану құқығы берiледi. Соттың санкциясынсыз адамды жетпiс екi сағаттан аспайтын мерзiмге ұстауға болады.
3. Ұсталған, тұтқындалған, қылмыс жасады деп айып тағылған әрбiр адам сол ұсталған, тұтқындалған немесе айып тағылған кезден бастап адвокаттың (қорғаушының) көмегiн пайдалануға құқылы.
Ескерту. 16-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.12.31. N 13 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
17-бап. Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды
1. Адамның қадiр-қасиетiне қол сұғылмайды.
2. Ешкiмдi азаптауға, оған зорлық-зомбылық жасауға, басқадай қатыгездiк немесе адамдық қадiр-қасиетiн қорлайтындай жәбiр көрсетуге не жазалауға болмайды.
18-бап. Әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар
1. Әркiмнiң жеке өмiрiне қол сұғылмауына, өзiнiң және отбасының құпиясы болуына, ар-намысы мен абыройлы атының қорғалуына құқығы бар.
2. Әркiм өзiнiң жеке салымдары мен жинаған қаражатының, жазысқан хаттарының, телефон арқылы сөйлескен сөздерiнiң, почта, телеграф арқылы және басқа жолдармен алысқан хабарларының құпиялылығы сақталуына құқығы бар. Бұл құқықты шектеуге заңда тiкелей белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.
3. Мемлекеттiк органдар, қоғамдық бiрлестiктер, лауазымды адамдар және бұқаралық ақпарат құралдары әрбiр азаматқа өзiнiң құқықтары мен мүдделерiне қатысты құжаттармен, шешiмдермен және ақпарат көздерiмен танысу мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге мiндеттi.
19-бап. Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы
1. Әркiм өзiнiң қай ұлтқа, қай партияға және қай дiнге жататынын өзi анықтауға және оны көрсету-көрсетпеуге хақылы.
2. Әркiмнiң ана тiлi мен төл мәдениетiн пайдалануға, қарым-қатынас, тәрбие, оқу және шығармашылық тiлiн еркiн таңдап алуға құқығы бар.
20-бап. Сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады
1. Сөз бен шығармашылық еркiндiгiне кепiлдiк берiледi. Цензураға тыйым салынады.
2. Әркiмнiң заң жүзiнде тыйым салынбаған кез келген тәсiлмен еркiн ақпарат алуға және таратуға құқығы бар. Қазақстан Республикасының мемлекеттiк құпиясы болып табылатын мәлiметтер тiзбесi заңмен белгiленедi.
3. Республиканың конституциялық құрылысын күштеп өзгертудi, оның тұтастығын бұзуды, мемлекет қауiпсiздiгiне нұқсан келтiрудi, соғысты, әлеуметтiк, нәсiлдiк, ұлттық, дiни, тектiк-топтық және рулық астамшылықты, сондай-ақ қатыгездiк пен зорлық-зомбылыққа бас ұруды насихаттауға немесе үгiттеуге жол берiлмейдi.
21-бап. Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбiр адам
1. Қазақстан Республикасы аумағында заңды түрде жүрген әрбiр адам, заңда көрсетiлгеннен басқа реттерде, оның аумағында еркiн жүрiп-тұруға және тұрғылықты мекендi өз қалауынша таңдап алуға құқығы бар.
2. Әркiмнiң Республикадан тыс жерлерге кетуiне құқығы бар. Республика азаматтарының Республикаға кедергiсiз қайтып оралуына құқығы бар.
22-бап. Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар
1. Әркiмнiң ар-ождан бостандығына құқығы бар.
2. Ар-ождан бостандығы құқығын жүзеге асыру жалпы адамдық және азаматтық құқықтар мен мемлекет алдындағы мiндеттерге байланысты болмауға немесе оларды шектемеуге тиiс.
23-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығы бар
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының бiрлесу бостандығына құқығы бар. Қоғамдық бiрлестiктердiң қызметi заңмен реттеледi.
2. Әскери қызметшiлер, ұлттық қауiпсiздiк органдарының, құқық қорғау органдарының қызметкерлерi мен судьялар партияларда, кәсiптiк одақтарда болмауға, қандай да бiр саяси партияны қолдап сөйлемеуге тиiс.Ескерту. 23-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.07.05. N 13/2 қаулысымен.
24-бап. Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар
1. Әркiмнiң еңбек ету бостандығына, қызмет пен кәсiп түрiн еркiн таңдауына құқығы бар. Ерiксiз еңбекке соттың үкiмi бойынша не төтенше жағдайда немесе соғыс жағдайында ғана жол берiледi.
2. Әркiмнiң қауiпсiздiк пен тазалық талаптарына сай еңбек ету жағдайына, еңбегi үшiн нендей бiр кемсiтусiз сыйақы алуына, сондай-ақ жұмыссыздықтан әлеуметтiк қорғалуға құқығы бар.
3. Ереуiл жасау құқығын қоса алғанда, заңмен белгiленген тәсiлдердi қолдана отырып, жеке және ұжымдық еңбек дауларын шешу құқығы мойындалады.
4. Әркiмнiң тынығу құқығы бар. Еңбек шарты бойынша, жұмыс iстейтiндерге заңмен белгiленген жұмыс уақытының ұзақтығына, демалыс және мереке күндерiне, жыл сайынғы ақылы демалысқа кепiлдiк берiледi.
Ескерту. 24-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10. N 2/2 қаулысымен.
25-бап. Тұрғын үйге қол сұғылмайды
1. Тұрғын үйге қол сұғылмайды. Соттың шешiмiнсiз тұрғын үйден айыруға жол берiлмейдi. Тұрғын үйге басып кiруге, оны тексеруге және тiнтуге заңмен белгiленген реттер мен тәртiп бойынша ғана жол берiледi.
2. Қазақстан Республикасында азаматтарды тұрғын үймен қамтамасыз ету үшiн жағдайлар жасалады. Заңда көрсетiлген санаттағы мұқтаж азаматтарға тұрғын үй заңмен белгiленген нормаларға сәйкес мемлекеттiк тұрғын үй қорларынан олардың шама-шарқы көтеретiн ақыға берiледi.
26-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады
1. Қазақстан Республикасының азаматтары заңды түрде алған қандай да болсын мүлкiн жеке меншiгiнде ұстай алады.
2. Меншiк, оның iшiнде мұрагерлiк құқығына заңмен кепiлдiк берiледi.
3. Соттың шешiмiнсiз ешкiмдi де өз мүлкiнен айыруға болмайды. Заңмен көзделген ерекше жағдайларда мемлекет мұқтажы үшiн мүлiктен күштеп айыру оның құны тең бағамен өтелген кезде жүргiзiлуi мүмкiн.
4. Әркiмнiң кәсiпкерлiк қызмет еркiндiгiне, өз мүлкiн кез келген заңды кәсiпкерлiк қызмет үшiн еркiн пайдалануға құқығы бар. Монополистiк қызмет заңмен реттеледi әрi шектеледi. Жосықсыз бәсекеге тыйым салынады.
Ескерту. 26-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.06.16. N 6/2, 2000.12.20. N 21/2, 2005.07.01. N 4 қаулыларымен.
27-бап. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады
1. Неке мен отбасы, ана мен әке және бала мемлекеттiң қорғауында болады.
2. Балаларына қамқорлық жасау және оларды тәрбиелеу - ата-ананың етене құқығы әрi мiндетi.
3. Кәмелетке толған еңбекке қабiлеттi балалар еңбекке жарамсыз ата-анасына қамқорлық жасауға мiндеттi.
28-бап. Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған
1. Қазақстан Республикасының азаматы жасына келген, науқастанған, мүгедек болған, асыраушысынан айырылған жағдайда және өзге де заңды негiздерде оған ең төменгi жалақы мен зейнетақының мөлшерiнде әлеуметтiк қамсыздандырылуына кепiлдiк берiледi.
2. Ерiктi әлеуметтiк сақтандыру, әлеуметтiк қамсыздандырудың қосымша нысандарын жасау және қайырымдылық көтермеленiп отырады.
Ескерту. 28-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.12. N 3/2 қаулысымен.
29-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының денсаулығын сақтауға құқығы бар.
2. Республика азаматтары заңмен белгiленген кепiлдi медициналық көмектiң көлемiн тегiн алуға хақылы.
3. Мемлекеттiк және жеке меншiк емдеу мекемелерiнде, сондай-ақ, жеке медициналық практикамен айналысушы адамдардан ақылы медициналық жәрдем алу заңда белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүргiзiледi.
30-бап. Азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi
1. Азаматтардың мемлекеттiк оқу орындарында тегiн орта бiлiм алуына кепiлдiк берiледi. Орта бiлiм алу мiндеттi.
2. Азаматтың мемлекеттiк жоғары оқу орнында конкурстық негiзде тегiн жоғары бiлiм алуға құқығы бар.
3. Жекеменшiк оқу орындарында ақылы бiлiм алу заңмен белгiленген негiздер мен тәртiп бойынша жүзеге асырылады.
4. Мемлекет бiлiм берудiң жалпыға мiндеттi стандарттарын белгiлейдi. Кез келген оқу орнының қызметi осы стандарттарға сай келуi керек.
31-бап. Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды
1. Мемлекет адамның өмiр сүруi мен денсаулығына қолайлы айналадағы ортаны қорғауды мақсат етiп қояды.
2. Адамдардың өмiрi мен денсаулығына қатер төндiретiн деректер мен жағдаяттарды лауазымды адамдардың жасыруы заңға сәйкес жауапкершiлiкке әкеп соғады.
32-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрi қарусыз жиналуға
Қазақстан Республикасының азаматтары бейбiт әрi қарусыз жиналуға, жиналыстар, митингiлер мен демонстрациялар, шерулер өткiзуге және тосқауылдарға тұруға хақылы. Бұл құқықты пайдалану мемлекеттiк қауiпсiздiк, қоғамдық тәртiп, денсаулық сақтау, басқа адамдардың құқықтары мен бостандықтарын қорғау мүдделерi үшiн заңмен шектелуi мүмкiн.
33-бап. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға
1. Қазақстан Республикасы азаматтарының тiкелей және өз өкiлдерi арқылы мемлекет iсiн басқаруға қатысуға, мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына тiкелей өзi жүгiнуге, сондай-ақ жеке және ұжымдық өтiнiштер жолдауға құқығы бар.
2. Республика азаматтарының мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын сайлауға және оларға сайлануға, сондай-ақ республикалық референдумға қатысуға құқығы бар.
3. Сот iс-әрекетке қабiлетсiз деп таныған, сондай-ақ сот үкiмi бойынша бас бостандығынан айыру орындарында отырған азаматтардың сайлауға және сайлануға, республикалық референдумға қатысуға құқығы жоқ.
4. Республика азаматтарының мемлекеттiк қызметке кiруге тең құқығы бар. Мемлекеттiк қызметшi лауазымына кандидатқа қойылатын талаптар лауазымдық мiндеттердiң сипатына ғана байланысты болады және заңмен белгiленедi.
Ескерту. 33-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен.
34-бап. Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi
1. Әркiм Қазақстан Республикасының Конституциясын және заңдарын сақтауға, басқа адамдардың құқықтарын, бостандықтарын, абыройы мен қадiр-қасиетiн құрметтеуге мiндеттi.
2. Әркiм Республиканың мемлекеттiк рәміздерін құрметтеуге мiндеттi.
Ескерту. 34-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
35-бап. Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады
Заңды түрде белгiленген салықтарды, алымдарды және өзге де мiндеттi төлемдердi төлеу әркiмнiң борышы әрі мiндетi болып табылады.
36-бап. Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi
1. Қазақстан Республикасын қорғау - оның әрбiр азаматының қасиеттi парызы және мiндетi.
2. Республика азаматтары заңда белгiленген тәртiп пен түрлер бойынша әскери қызмет атқарады.
37-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi
Қазақстан Республикасының азаматтары тарихи және мәдени мұралардың сақталуына қамқорлық жасауға, тарих пен мәдениет ескерткiштерiн қорғауға мiндеттi.
38-бап. Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi
Қазақстан Республикасының азаматтары табиғатты сақтауға және табиғат байлықтарына ұқыпты қарауға мiндеттi.
39-бап. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау
1. Адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтары конституциялық құрылысты қорғау, қоғамдық тәртiптi, адамның құқықтары мен бостандықтарын, халықтың денсаулығы мен имандылығын сақтау мақсатына қажеттi шамада ғана және тек заңмен шектелуi мүмкiн.
2. Ұлтаралық татулықты бұзатын кез келген әрекет конституциялық емес деп танылады.
3. Саяси себептер бойынша азаматтардың құқықтары мен бостандықтарын қандай да бiр түрде шектеуге жол берiлмейдi. Конституцияның 10; 11; 13-15-баптарында; 16-бабының 1-тармағында; 17-бабында; 19-бабында; 22-бабында; 26-бабының 2-тармағында көзделген құқықтар мен бостандықтар ешбiр жағдайда да шектелмеуге тиiс.
40-бап. Қазақстан Республикасының Президентi - мемлекеттiң басшысы
1. Қазақстан Республикасының Президентi - мемлекеттiң басшысы, мемлекеттiң iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттарын айқындайтын, ел iшiнде және халықаралық қатынастарда Қазақстанның атынан өкiлдiк ететiн ең жоғары лауазымды тұлға.
2. Республиканың Президентi - халық пен мемлекеттiк билiк бiрлiгiнiң, Конституцияның мызғымастығының, адам және азамат құқықтары мен бостандықтарының нышаны әрi кепiлi.
3. Республика Президентi мемлекеттiк билiктiң барлық тармағының келiсiп жұмыс iстеуiн және өкiмет органдарының халық алдындағы жауапкершiлiгiн қамтамасыз етедi.
41-бап. Қазақстан Республикасының Президентiн конституциялық заңға сәйкес жалпыға бiрдей
1. Қазақстан Республикасының Президентiн конституциялық заңға сәйкес жалпыға бiрдей, тең және төте сайлау құқығы негiзiнде Республиканың кәмелетке толған азаматтары жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге сайлайды.
2. Республика Президентi болып тумысынан Республика азаматы болып табылатын қырық жасқа толған, мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген әрi Қазақстанда соңғы он бес жыл бойы тұратын Республика азаматы сайлана алады.
3. Республика Президентiнiң кезектi сайлауы желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiледi және ол мерзiмi жағынан Республика Парламентiнiң жаңа құрамын сайлаумен тұспа-тұс келмеуге тиiс.
4. алып тасталды
5. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың елу процентiнен астамының дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi. Егер кандидаттардың бiрде-бiрi көрсетiлген дауыс санын ала алмаса, қайтадан дауысқа салынады, оған көп дауыс алған екi кандидат қатысады. Дауыс беруге қатысқан сайлаушылардың ең көп дауысын алған кандидат сайланды деп есептеледi.
Ескерту. 41-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 41-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1998.10.09. N 9/2, 41-баптың 1 және 3-тармақтарына түсініктеме берілді - 2005.08.19. N 5 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
42-бап. Қазақстан Республикасының Президентi
1. Қазақстан Республикасының Президентi: "Қазақстан халқына адал қызмет етуге, Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарын қатаң сақтауға, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына кепiлдiк беруге, Қазақстан Республикасы Президентiнiң өзiме жүктелген мәртебелi мiндетiн адал атқаруға салтанатты түрде ант етемiн", - деп халыққа ант берген сәттен бастап қызметiне кiрiседi.
2. Ант беру қаңтардың екiншi сәрсенбiсiнде салтанатты жағдайда Парламент депутаттарының, Конституциялық Кеңес мүшелерiнiң, Жоғарғы Сот судьяларының, сондай-ақ Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң қатысуымен өткiзiледi. Конституцияның 48-бабында көзделген жағдайда Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған адам Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған күнiнен бастап бiр ай iшiнде ант бередi.
3. Республика Президентiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезден бастап, сондай-ақ Президент қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылған немесе кетiрiлген не ол қайтыс болған жағдайда тоқтатылады. Республиканың бұрынғы Президенттерiнiң бәрiнiң, қызметiнен кетiрiлгендерден басқасының, Қазақстан Республикасының экс-Президентi деген атағы болады.
4. алып тасталды
5. Бiр адам қатарынан екi реттен артық Республика Президентi болып сайлана алмайды.
Бұл шектеу Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президентіне қолданылмайды.
Ескерту. 42-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284, 2007.05.21. N 254 Заңдарымен.
43-бап. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлдi органның депутаты болуға
1. Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлдi органның депутаты болуға, өзге де ақы төленетiн қызметтердi атқаруға және кәсiпкерлiк қызметпен айналысуға құқығы жоқ.
2. алып тасталды
Ескерту. 43-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
44-бап. Қазақстан Республикасының Президентi
Қазақстан Республикасының Президентi:
1) Қазақстан халқына елдегi жағдай мен Республиканың iшкi және сыртқы саясатының негiзгi бағыттары туралы жыл сайын жолдау арнайды;
2) Республика Парламентіне және оның Палатасына кезекті және кезектен тыс сайлау тағайындайды; Парламенттің бірінші сессиясын шақырады және оның депутаттарының Қазақстан халқына беретін антын қабылдайды; Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақырады; Парламент Сенаты ұсынған заңға бір ай ішінде қол қояды, заңды халыққа жария етеді не заңды немесе оның жекелеген баптарын қайтадан талқылап, дауысқа салу үшін қайтарады;
3) Парламент Мәжілісінде өкілдігі бар саяси партиялар фракцияларымен консультациялардан кейін келісім беру үшін Мәжілістің қарауына Республика Премьер-Министрінің кандидатурасын енгізеді; Парламент Мәжілісінің келісімімен Республиканың Премьер-Министрін қызметке тағайындайды; оны қызметтен босатады; Премьер-Министрдің ұсынуымен Республика Үкіметінің құрылымын айқындайды; Республиканың Үкімет құрамына кірмейтін орталық атқарушы органдарын құрады, таратады және қайта құрады, Республика Үкіметінің мүшелерін қызметке тағайындайды; сыртқы істер, қорғаныс, ішкі істер, әділет министрлерін қызметке тағайындайды; Үкімет мүшелерін қызметтен босатады; Үкімет мүшелерінің антын қабылдайды; ерекше маңызды мәселелер бойынша Үкімет отырыстарына төрағалық етеді; Үкіметке заң жобасын Парламент Мәжілісіне енгізуді тапсырады; Республика Үкіметі мен Премьер-Министрінің, облыстар, республикалық маңызы бар қалалар мен астана әкімдері актілерінің күшін жояды не қолданылуын толық немесе ішінара тоқтата тұрады;
4) Парламент Сенатының келісімімен Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас Прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын қызметке тағайындайды; оларды қызметтен босатады;
5) Республика Президентіне тікелей бағынатын және есеп беретін мемлекеттік органдарды құрады, таратады және қайта құрады, олардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
6) Республика дипломатиялық өкiлдiктерiнiң басшыларын тағайындайды және керi шақырып алады;
7) Орталық сайлау комиссиясының Төрағасын және екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің Төрағасын және екі мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
8) Республиканың мемлекеттiк бағдарламаларын бекiтедi;
9) Республика Премьер-Министрiнiң ұсынуымен Республиканың мемлекеттiк бюджетi есебiнен ұсталатын барлық органдардың қызметкерлерiне арналған қаржыландыру мен еңбекақы төлеудiң бiрыңғай жүйесiн бекiтедi;
10) республикалық референдум өткiзу жөнiнде шешiм қабылдайды;
11) келiссөздер жүргiзедi және Республиканың халықаралық шарттарына қол қояды; бекiту грамоталарына қол қояды; өзiнiң жанында тiркелген шет мемлекеттердiң дипломатиялық және өзге де өкiлдерiнiң сенiм грамоталары мен керi шақырып алу грамоталарын қабылдайды;
12) Республика Қарулы Күштерiнiң Жоғарғы Бас Қолбасшысы болып табылады, Қарулы Күштердiң жоғары қолбасшылығын тағайындайды және ауыстырып отырады;
13) Республиканың мемлекеттiк наградаларымен марапаттайды, құрметтi, жоғары әскери және өзге атақтарды, сыныптық шендердi, дипломатиялық дәрежелердi, бiлiктiлiк сыныптарын бередi;
14) Республиканың азаматтығы, саяси баспана беру мәселелерiн шешедi;
15) азаматтарға кешiрiм жасауды жүзеге асырады;
16) Республиканың демократиялық институттарына, оның тәуелсiздiгi мен аумақтық тұтастығына, саяси тұрақтылығына, азаматтарының қауiпсiздiгiне елеулi және тiкелей қатер төнген, мемлекеттiң конституциялық органдарының қалыпты жұмыс iстеуi бұзылған ретте, Премьер-Министрмен және Республика Парламентi Палаталарының Төрағаларымен ресми консультациялардан кейiн Республика Парламентiне дереу хабарлай отырып, Қазақстанның бүкiл аумағында және оның жекелеген жерлерiнде төтенше жағдай енгiзудi, Республиканың Қарулы Күштерiн қолдануды қоса алғанда, аталған жағдаяттар талап ететiн шараларды қолданады;
17) Республикаға қарсы агрессия жасалған не оның қауiпсiздiгiне сырттан тiкелей қатер төнген ретте Республиканың бүкiл аумағында немесе оның жекелеген жерлерiнде әскери жағдай енгiзедi, iшiнара немесе жалпы мобилизация жариялап, бұл туралы Республика Парламентiне дереу хабарлайды;
18) өзiне бағынысты Республика Президентiнiң Күзет қызметiн және Республикалық ұланды жасақтайды;
19) Қазақстан Республикасының Мемлекеттiк Хатшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады, оның мәртебесi мен өкiлеттiгiн анықтайды; Республика Президентiнiң Әкiмшiлiгiн құрады;
20) Қауіпсіздік Кеңесін және өзге де консультативтік-кеңесші органдарды, сондай-ақ Қазақстан халқы Ассамблеясы мен Жоғары Сот Кеңесін құрады;
21) Республиканың Конституциясы мен заңдарына сәйкес басқа да өкiлеттiктердi жүзеге асырады.
Ескерту. 44-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 44-баптың 13) тармақшасына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.06.30. N 10/2, 44-баптың 2) тармақшасына түсініктеме берілді - 2000.07.03. N 15/2, 44-баптың 9) тармақшасына түсініктеме берілді - 2001.11.12. N 14/2 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
45-бап. Қазақстан Республикасының Президентi Конституция мен заңдар негiзiнде және оларды орындау үшiн Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады
1. Қазақстан Республикасының Президентi Конституция мен заңдар негiзiнде және оларды орындау үшiн Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар жарлықтар мен өкiмдер шығарады.
2. Конституцияның 53-бабының 4)-тармақшасында көзделген ретте Республика Президентi заңдар шығарады, ал 61-баптың 2-тармағында көзделген ретте Республиканың заң күшi бар жарлықтарын шығарады.
3. Республиканың Президентi қол қоятын Парламент актiлерi, сондай-ақ Үкiмет бастамасымен шығарылатын Президенттiң актiлерi тиiсiнше осы актiлердiң заңдылығы үшiн заңдық жауапкершiлiк жүктелетiн Парламенттiң әр Палатасының Төрағаларының не Премьер-Министрдiң алдын-ала қолдары қойылып тиянақталады.
Ескерту. 45-баптың 2) тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.07.03. N 15/2 қаулысымен.
46-бап. Қазақстан Республикасының Президентiне, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды
1. Қазақстан Республикасының Президентiне, оның абыройы мен қадiр-қасиетiне ешкiмнiң тиiсуiне болмайды.
2. Республика Президентi мен оның отбасын қамтамасыз ету, оларға қызмет көрсету және қорғау мемлекет есебiнен жүзеге асырылады.
3. Осы баптың ережелерi Республиканың экс-Президенттерiне қолданылады.
4. Қазақстанның Тұңғыш Президентінің мәртебесі мен өкілеттігі Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен айқындалады.
Ескерту. 46-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
47-бап. Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi
1. Қазақстан Республикасының Президентi науқастануына байланысты өзiнiң мiндеттерiн жүзеге асыруға қабiлетсiздiгi дендеген жағдайда қызметiнен мерзiмiнен бұрын босатылуы мүмкiн. Бұл ретте Парламент әр Палата депутаттарының тең санынан және медицинаның тиiстi салаларының мамандарынан тұратын комиссия құрады. Мерзiмiнен бұрын босату туралы шешiм Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында комиссияның қорытындысымен белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңес қорытындысы негiзiнде әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiгiмен қабылданады.
2. Республиканың Президентi өзiнiң мiндеттерiн атқару кезiндегi iс-әрекетi үшiн тек қана мемлекетке опасыздық жасаған жағдайда жауап бередi және бұл үшiн Парламент оны қызметiнен кетiруi мүмкiн. Айып тағу және оны тексеру туралы шешiм Мәжiлiс депутаттарының кемiнде үштен бiрiнiң бастамасы бойынша депутаттардың жалпы санының көпшiлiгiмен қабылдануы мүмкiн. Тағылған айыпты тексерудi Сенат ұйымдастырады және оның нәтижелерi Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен Парламент Палаталары бiрлескен отырысының қарауына берiледi. Бұл мәселе бойынша түпкiлiктi шешiм айып тағудың негiздiлiгi туралы Жоғарғы Сот қорытындысы және белгiленген конституциялық рәсiмдердiң сақталғаны туралы Конституциялық Кеңестiң қорытындысы болған жағдайда әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен Парламент Палаталарының бiрлескен отырысында қабылданады. Айып тағылған кезден бастап екi ай iшiнде түпкiлiктi шешiм қабылдамау Республика Президентiне қарсы тағылған айыптың күшi жойылған деп тануға әкеп соғады. Республиканың Президентiне мемлекетке опасыздық жасады деп тағылған айыптың қабылданбауы оның қай кезеңiнде де осы мәселенiң қаралуына себепшi болған Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтатуға әкеп соғады.
3. Республика Президентiн қызметiнен кетiру туралы мәселе ол Республика Парламентiнiң немесе Парламент Мәжілісінің өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын тоқтату жөнiнде мәселе қарап жатқан кезде қозғалмайды.
Ескерту. 47-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
48-бап. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген
1. Қазақстан Республикасының Президентi қызметiнен мерзiмiнен бұрын босаған немесе кетiрiлген, сондай-ақ қайтыс болған жағдайда Республика Президентiнiң өкiлеттiгi қалған мерзiмге Парламент Сенатының Төрағасына көшедi; Сенат Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасына көшедi; Мәжiлiс Төрағасының өзiне Президент өкiлеттiгiн қабылдауы мүмкiн болмаған ретте ол Республиканың Премьер-Министрiне көшедi. Өзiне Республика Президентiнiң өкiлеттiгiн қабылдаған тұлға тиiсiнше Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының немесе Премьер-Министрдiң өкiлеттiгiн тапсырады. Бұл жағдайда бос тұрған мемлекеттiк лауазымдарды иелену Конституцияда көзделген тәртiппен жүзеге асырылады.
2. Осы баптың 1-тармағында көзделген негiздерде және тәртiппен Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiгiн өзiне қабылдаған тұлғаның Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерiстер мен толықтырулар туралы бастамашылық жасауға құқығы жоқ.
Ескерту. 48-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен.
49-бап. Парламент
1. Парламент - Қазақстан Республикасының заң шығару қызметiн жүзеге асыратын Республиканың ең жоғары өкiлдi органы.
2. Парламенттiң өкiлеттiгi оның бiрiншi сессиясы ашылған сәттен басталып, жаңадан сайланған Парламенттiң бiрiншi сессиясы жұмысқа кiрiскен кезден аяқталады.
3. Парламенттiң өкiлеттiгi Конституцияда көзделген реттер мен тәртiп бойынша мерзiмiнен бұрын тоқтатылуы мүмкiн.
4. Парламенттiң ұйымдастырылуы мен қызметi, оның депутаттарының құқықтық жағдайы конституциялық заңмен белгiленедi.
Ескерту. 49-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 49-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.07.14. N 13/2 қаулысымен.
50-бап. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан
1. Парламент тұрақты негiзде жұмыс iстейтiн екi Палатадан: Сенаттан және Мәжiлiстен тұрады.
2. Сенат конституциялық заңда белгіленген тәртіппен әр облыстан, республикалық маңызы бар қаладан және Қазақстан Республикасының астанасынан екі адамнан өкілдік ететін депутаттардан құралады. Сенатта қоғамның ұлттық-мәдени және өзге де елеулі мүдделерінің білдірілуін қамтамасыз ету қажеттілігі ескеріліп, Сенаттың он бес депутатын Республика Президенті тағайындайды.
3. Мәжіліс конституциялық заңда белгіленген тәртіппен сайланатын жүз жеті депутаттан тұрады.
4. Парламент депутаты бiр мезгiлде екi Палатаға бiрдей мүше бола алмайды.
5. Сенат депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - алты жыл, Мәжiлiс депутаттарының өкiлеттiк мерзiмi - бес жыл.Ескерту. 50-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 50-баптың 5-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.15. N 1/2, 1999.11.29. N 24/2, 2003.02.11. N 1, 50-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - 2004.02.12. N 1 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
51-бап. Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады
1. Мәжілістің тоқсан сегіз депутатын сайлау жалпыға бірдей, тең және төте сайлау құқығы негізінде жасырын дауыс беру арқылы жүзеге асырылады. Мәжілістің тоғыз депутатын Қазақстан халқы Ассамблеясы сайлайды. Мәжіліс депутаттарының кезекті сайлауы Парламенттің жұмыс істеп тұрған сайланымы өкілеттігінің мерзімі аяқталардан кемінде екі ай бұрын өткізіледі.
2. Сенат депутаттары жанама сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру жолымен сайланады. Сайланған Сенат депутаттарының жартысы әрбiр үш жыл сайын қайта сайланып отырады. Бұл орайда олардың кезектi сайлауы бұлардың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанға дейiнгi екi айдан кешiктiрiлмей өткізiледi.
3. Парламент немесе Парламент Мәжілісі депутаттарының кезектен тыс сайлауы тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісінің өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылған күннен бастап екі ай ішінде өткізіледі.
4. Қазақстан Республикасының азаматтығында тұратын және оның аумағында соңғы он жылда тұрақты тұрып жатқан адам Парламент депутаты бола алады. Жасы отызға толған, жоғары білімі және кемінде бес жыл жұмыс стажы бар, тиісті облыстың, республикалық маңызы бар қаланың не Республика астанасының аумағында кемінде үш жыл тұрақты тұрып жатқан адам Сенат депутаты бола алады. Жасы жиырма беске толған адам Мәжіліс депутаты бола алады.
5. Республика Парламенті депутаттарын сайлау конституциялық заңмен реттеледі.
6. Парламенттiң депутаты Қазақстан халқына ант бередi.
Ескерту. 51-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 51-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.18. N 5/2, 51-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - 1999.11.29. N 24/2, 51-баптың 5-тармағына түсініктеме берілді - 2003.02.11. N 1 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
52-бап. Парламент депутаттары оның жұмысына қатысуға мiндеттi
1. Алып тасталды
2. Парламент депутаттары оның жұмысына қатысуға мiндеттi. Парламентте депутаттың жеке өзi ғана дауыс бередi. Депутаттың Палаталар мен олардың органдарының отырыстарына дәлелдi себептерсiз үш реттен артық қатыспауы, сол сияқты дауыс беру құқығын басқа бiреуге беруi депутатқа заңда белгiленген жазалау шараларын қолдануға әкеп соғады.
3. Парламент депутатының басқа өкiлдi органның депутаты болуға, оқытушылық, ғылыми және өзге де шығармашылық қызметтен басқа, ақы төленетiн өзге де жұмыс атқаруға, кәсiпкерлiкпен шұғылдануға, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiруге құқығы жоқ. Осы ереженiң бұзылуы депутаттың өкiлеттiгiн тоқтатуға әкеп соғады.
4. Парламент депутатын оның өкiлеттiк мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, тиiстi Палатаның келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
5. Парламент депутатының өкілеттігі орнынан түскен, ол қайтыс болған, соттың заңды күшіне енген шешімі бойынша депутат іс-әрекетке қабілетсіз, қайтыс болған немесе хабарсыз кеткен деп танылған жағдайларда және Конституция мен конституциялық заңда көзделген өзге де жағдайларда тоқтатылады.
Парламент депутаты:
1) ол Қазақстаннан тысқары жерге тұрақты тұруға кеткен;
2) оған қатысты соттың айыптау үкімі заңды күшіне енген;
3) Қазақстан Республикасының азаматтығын жоғалтқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Мәжілісінің депутаты:
1) депутат конституциялық заңға сәйкес өзін сайлаған саяси партиядан шыққан немесе шығарылған;
2) конституциялық заңға сәйкес депутатты сайлаған саяси партия қызметін тоқтатқан кезде өз мандатынан айырылады.
Парламент Сенатының тағайындалған депутаттарының өкілеттігі Республика Президентінің шешімі бойынша мерзімінен бұрын тоқтатылуы мүмкін.
Парламент және Парламент Мәжілісі депутаттарының өкілеттігі тиісінше Парламент немесе Парламент Мәжілісі таратылған жағдайларда тоқтатылады.
6. Депутаттарға жазалау шараларын қолдануға, олардың осы баптың 3-тармағының талаптарын, депутаттық әдеп ережелерiн сақтауына, сондай-ақ депутаттардың өкiлеттiгiн тоқтатуға және өкiлеттігiнен әрi депутатқа ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан айыруға байланысты мәселелердi әзiрлеу Қазақстан Республикасының Орталық сайлау комиссиясына жүктеледi.
Ескерту. 52-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 52-баптың 3 және 5-тармақтарына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.05.17. N 7/2, 2003.05.12. N 5, 52-баптың 1 және 5-тармақтарына түсініктеме берілді - 2001.12.13. N 19/2, 52-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - 2003.01.30. N 10, 52-баптың 4 және 5-тармақтарына түсініктеме берілді - 2003.02.11. N 1 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
53-бап. Палаталардың бірлескен отырысында Парламент
Палаталардың бірлескен отырысында Парламент:
1) Қазақстан Республикасы Президентінің ұсынысы бойынша Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
2) Үкімет пен Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерін бекітеді. Үкіметтің республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есебін Парламенттің бекітпеуі Парламенттің Үкіметке сенімсіздік білдіргенін көрсетеді;
3) Президентке оның бастамасы бойынша әр Палата депутаттары жалпы санының үштен екісінің даусымен бір жылдан аспайтын мерзімге заң шығару өкілеттігін беруге хақылы;
4) соғыс және бітім мәселелерін шешеді;
5) Республика Президентінің ұсынысы бойынша бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтау жөніндегі халықаралық міндеттемелерді орындау үшін Республиканың Қарулы Күштерін пайдалану туралы шешім қабылдайды;
6) Конституциялық Кеңестің Республикадағы конституциялық заңдылықтың жай-күйі туралы жыл сайынғы жолдауын тыңдайды;
7) палаталардың бірлескен комиссияларын құрады, олардың төрағаларын сайлайды және қызметтен босатады, комиссиялардың қызметі туралы есептерді тыңдайды;
8) Парламентке Конституция жүктеген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
Ескерту. 53-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
54-бап. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі
1. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы конституциялық заңдар мен заңдар қабылдайды, оның ішінде:
1) республикалық бюджетті бекітеді, оған өзгерістер мен толықтырулар енгізеді;
2) мемлекеттік салықтар мен алымдарды белгілейді және оларды алып тастайды;
3) Қазақстанның әкімшілік-аумақтық құрылысы мәселелерін шешу тәртібін белгілейді;
4) мемлекеттік наградаларды тағайындайды, Республиканың құрметті, әскери және өзге де атақтарын, сыныптық шендерін, дипломатиялық дәрежелерін белгілейді, Республиканың мемлекеттік рәміздерін айқындайды;
5) мемлекеттік заемдар мен Республиканың экономикалық және өзге де көмек көрсетуі туралы мәселелерді шешеді;
6) рақымшылық жасау мәселелерін шешеді;
7) Республиканың халықаралық шарттарын ратификациялайды және олардың күшін жояды.
2. Парламент палаталардың бөлек отырысында мәселелерді әуелі - Мәжілісте, ал содан кейін Сенатта өз кезегімен қарау арқылы:
1) республикалық бюджеттің атқарылуы туралы есептерді талқылайды;
2) Республика Президентінің қарсылығын туғызған заңдар немесе заңның баптары бойынша қарсылықтар жіберілген күннен бастап бір ай мерзім ішінде қайталап талқылау мен дауысқа салуды өткізеді. Бұл мерзімнің сақталмауы Президент қарсылықтарының қабылданғанын білдіреді. Егер Мәжіліс пен Сенат әр Палата депутаттарының жалпы санының үштен екі көпшілік даусымен бұрын қабылданған шешімді растайтын болса, Президент бір ай ішінде заңға қол қояды. Егер Президенттің қарсылығын ең болмаса палаталардың бірі еңсермесе, заң қабылданбайды немесе Президент ұсынған редакцияда қабылданды деп есептеледі. Парламент қабылдаған конституциялық заңдарға Мемлекет басшысының қарсылығы осы тармақшада көзделген тәртіппен қаралады. Бұл ретте Парламент Президенттің конституциялық заңдарға қарсылығын әр Палата депутаттарының жалпы санының кемінде төрттен үшінің даусымен еңсереді;
3) республикалық референдум тағайындау туралы бастама көтереді.
Ескерту. 54-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
55-бап. Сенаттың ерекше қарауына мыналар жатады
Сенаттың ерекше қарауына мыналар жатады:
1) Қазақстан Республикасы Президентiнiң ұсынуымен Республиканың Жоғарғы Сотының Төрағасын және Жоғарғы Сотының судьяларын сайлау мен қызметтен босату, олардың анттарын қабылдау;
2) Республика Президентінің Республика Ұлттық Банкінің Төрағасын, Бас прокурорын және Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Төрағасын тағайындауына келісім беру;
3) Республиканың Бас Прокурорын, Жоғарғы Сотының Төрағасы мен судьяларын оларға ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан айыру;
4) алып тасталды
5) Мәжілістің өкілеттіктері мерзімінен бұрын тоқтатылуына байланысты, ол уақытша болмаған кезеңде Республика Парламентінің конституциялық заңдар мен заңдар қабылдау жөніндегі функцияларын орындау;
6) Конституциямен Парламент Сенатына жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
Ескерту. 55-баптың 1-тармақшасына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.07.05. N 11/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
56-бап. Мәжілістің ерекше қарауына мыналар жатады
1. Мәжілістің ерекше қарауына мыналар жатады:
1) Парламентке енгізілген конституциялық заңдар мен заңдардың жобаларын қарауға қабылдау және осы жобаларды қарау;
2) Палата депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен Республика Президентіне Республика Премьер-Министрін тағайындауға келісім беру;
3) Республика Президентінің кезекті сайлауын хабарлау;
4) Конституциямен Парламент Мәжілісіне жүктелген өзге де өкілеттіктерді жүзеге асыру.
2. Мәжіліс депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен, Мәжіліс депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша Мәжіліс Үкіметке сенімсіздік білдіруге хақылы.
Ескерту. 56-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
57-бап. Парламенттiң әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз
Парламенттiң әр Палатасы дербес, басқа Палатаның қатысуынсыз:
1) Конституциялық Кеңестің екі мүшесін қызметке тағайындайды; Орталық сайлау комиссиясының екі мүшесін, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің үш мүшесін бес жыл мерзімге қызметке тағайындайды;
2) Конституцияның 47-бабының 1-тармағында көзделген ретте Парламент құратын комиссия мүшелерiнiң тең жартысына өкiлеттiк бередi;
3) Палаталардың бiрлескен комиссиялары мүшелерiнiң тең жартысын сайлайды;
4) Палаталар депутаттарының өкiлеттiгiн тоқтатады, сондай-ақ Қазақстан Республикасы Бас Прокурорының ұсынуымен оларға ешкiмнiң тиiспеуi жөнiндегi құқығынан Палаталардың депутаттарын айыру мәселелерiн шешедi;
5) өз құзыретiндегi мәселелер бойынша парламенттiк тыңдаулар өткiзедi;
6) Палата депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің бастамасы бойынша Республика Үкіметі мүшелерінің өз қызметі мәселелері жөніндегі есептерін тыңдауға хақылы. Есепті тыңдау қорытындылары бойынша Үкімет мүшесі Республика заңдарын орындамаған жағдайда Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен оны қызметтен босату туралы Республика Президентіне өтініш жасауға хақылы. Егер Республика Президенті мұндай өтінішті қабылдамай тастаса, онда депутаттар Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен алғашқы өтініш берілген күннен бастап алты ай өткеннен кейін Республика Президентінің алдына Үкімет мүшесін қызметінен босату туралы мәселені қайталап қоюға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президенті Үкімет мүшесін қызметінен босатады;
7) Палаталардың үйлестiрушi және жұмыс органдарын құрады;
8) өз қызметiнiң регламентiн, Палатаның ұйымдастыру және iшкi тәртiбiне байланысты мәселелер бойынша өзге де шешiмдер қабылдайды.
Ескерту. 57-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284, 2007.05.21. N 254 Заңдарымен.
58-бап. Палаталарды мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар
1. Палаталарды мемлекеттiк тiлдi еркiн меңгерген өз депутаттарының арасынан Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен жасырын дауыс беру арқылы Сенат пен Мәжiлiс сайлаған төрағалар басқарады. Сенат Төрағасының қызметiне кандидатураны Қазақстан Республикасының Президентi ұсынады. Мәжiлiс Төрағасының қызметiне кандидатураларды Палатаның депутаттары ұсынады.
2. Палаталардың төрағалары, егер бұл үшiн Палаталардың депутаттары жалпы санының көпшiлiгi дауыс берсе, қызметтен керi шақырылып алынуы мүмкiн, сондай-ақ олар өз еркiмен орнынан түсуге хақылы.
3. Парламент Палаталарының төрағалары:
1) Палаталардың отырыстарын шақырып, оларға төрағалық етедi;
2) Палаталардың қарауына енгiзiлетiн мәселелердi әзiрлеуге жалпы басшылық жасайды;
3) Палаталар төрағаларының орынбасарлары қызметiне сайлау үшiн Палаталарға кандидатуралар ұсынады;
4) Палаталар қызметiнде регламенттiң сақталуын қамтамасыз етедi;
5) Палаталардың үйлестiру органдарының қызметiне басшылық жасайды;
6) Палаталар шығаратын актiлерге қол қояды;
7) палаталарға Конституциялық Кеңестің, Орталық сайлау комиссиясының, Республикалық бюджеттің атқарылуын бақылау жөніндегі есеп комитетінің мүшесі қызметіне тағайындау үшін кандидатуралар ұсынады;
8) өздерiне Парламент регламентi жүктейтiн басқа да мiндеттердi атқарады.
4. Мәжiлiс Төрағасы:
1) Парламент сессияларын ашады;
2) Палаталардың кезектi бiрлескен отырыстарын шақырады, Палаталардың кезектi және кезектен тыс бiрлескен отырыстарына төрағалық етедi.
5. Палаталардың төрағалары өз құзыретiндегi мәселелер бойынша өкiмдер шығарады.
Ескерту. 58-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
59-бап. Парламент сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi
1. Парламент сессиясы оның Палаталарының бiрлескен және бөлек отырыстары түрiнде өткiзiледi.
2. Парламенттiң бiрiншi сессиясын Қазақстан Республикасының Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап отыз күннен кешiктiрмей шақырады.
3. Парламенттiң кезектi сессиялары жылына бiр рет қыркүйектiң бiрiншi жұмыс күнiнен маусымның соңғы жұмыс күнiне дейiн өткiзiледi.
4. Парламент сессиясын, әдетте, Республика Президенті ашады және сессия Сенат пен Мәжілістің бірлескен отырыстарында жабылады. Парламент сессиялары аралығындағы кезеңде Республика Президенті өз бастамасымен, палаталар төрағаларының немесе Парламент депутаттары жалпы санының кемінде үштен бірінің ұсынысымен Парламенттің кезектен тыс сессиясын шақыра алады. Онда сессияны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.
5. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары оларға әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсi қатысқан жағдайда өткiзiледi.
6. Палаталардың бiрлескен және бөлек отырыстары ашық отырыстар болып табылады. Регламенттерде көзделген реттерде жабық отырыстар өткiзiлуi мүмкiн. Республика Президентiнiң, Премьер-Министр мен Үкiмет мүшелерiнiң, Ұлттық Банк Төрағасының, Бас Прокурордың, Ұлттық қауiпсiздiк комитетi Төрағасының кез келген отырыстарға қатысуға және сөз сөйлеуге құқығы бар.
Ескерту. 59-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.07.14. N 13/2, 59-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - 1999.06.30. N 14/2 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
60-бап. Палаталар әр Палатада саны жетiден аспайтын тұрақты комитеттер құрады
1. Палаталар әр Палатада саны жетiден аспайтын тұрақты комитеттер құрады.
2. Палаталардың бiрлескен қызметтерiне қатысты мәселелердi шешу үшiн Сенат пен Мәжiлiс тепе-тең негiзде бiрлескен комиссиялар құруға хақылы.
3. Комитеттер мен комиссиялар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша қаулылар шығарады.
4. Комитеттер мен комиссияларды құру, олардың өкiлеттiгi және қызметiн ұйымдастыру тәртiбi заңмен белгiленедi.
61-бап. Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне
1. Заң шығару бастамасы құқығы Республика Президентіне, Парламент депутаттарына, Үкіметке тиесілі және тек қана Мәжілісте жүзеге асырылады.
2. Республика Президентiнiң заңдар жобаларын қараудың басымдылығын белгiлеуге, сондай-ақ осы жоба жедел қаралады деп жариялауға құқығы бар, бұл Парламент заң жобасын енгiзiлген күннен бастап бiр ай iшiнде қарауға тиiстi екенiн бiлдiредi. Парламент осы талапты орындамаса, Республика Президентi заң күшi бар Жарлық шығаруға хақылы, ол Парламент Конституция белгiлеген тәртiппен жаңа заң қабылдағанға дейiн қолданылады.
3. Парламент аса маңызды қоғамдық қатынастарды реттейтiн, мыналарға:
1) жеке және заңды тұлғалардың құқық субъектiлiгiне, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарына, жеке және заңды тұлғалардың мiндеттерi мен жауапкершiлiгiне;
2) меншiк режимiне және өзге де мүлiктiк құқықтарға;
3) мемлекеттiк органдар мен жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарын ұйымдастыру мен олардың қызметiнiң, мемлекеттiк және әскери қызметтiң негiздерiне;
4) салық салуға, алымдар мен басқа да мiндеттi төлемдердi белгiлеуге;
5) республикалық бюджетке;
6) сот құрылысы мен сотта iс жүргiзу мәселелерiне;
7) бiлiм беруге, денсаулық сақтауға және әлеуметтiк қамсыздандыруға;
8) кәсiпорындар мен олардың мүлкiн жекешелендiруге;
9) айналадағы ортаны қорғауға;
10) республиканың әкiмшiлiк-аумақтық құрылысына;
11) мемлекет қорғанысы мен қауiпсiздiгiн қамтамасыз етуге қатысты негiзгi принциптер мен нормаларды белгiлейтiн заңдар шығаруға хақылы.
Өзге қатынастардың барлығы заңға тәуелдi актiлермен реттеледi.
4. Мәжiлiс депутаттары қараған және жалпы санының көпшiлiк даусымен мақұлданған заң жобасы Сенатқа берiледi, ол онда әрi кеткенде алпыс күннiң iшiнде қаралады. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданған жоба заңға айналады және он күннiң iшiнде Президенттiң қол қоюына берiледi. Тұтас алғанда, Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданбаған жоба Мәжiлiске қайтарылады. Егер Мәжiлiс депутаттары жалпы санының үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен жобаны қайтадан мақұлдаса, ол Сенатқа қайта талқылауға және дауысқа салуға берiледi. Қайта қабылданбаған заң жобасын сол сессия барысында қайтадан енгiзуге болмайды.
5. Сенат депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен заң жобасына енгiзiлген өзгертулер мен толықтырулар Мәжiлiске жiберiледi. Егер Мәжiлiс депутаттардың жалпы санының көпшiлiк даусымен ұсынылған өзгертулермен және толықтырулармен келiссе, заң қабылданды деп есептеледi. Егер Мәжiлiс нақ сондай көпшiлiк дауыспен Сенат енгiзген өзгертулер мен толықтыруларға қарсы болса, Палаталар арасындағы келiспеушiлiк келiсу рәсiмi арқылы шешiледi.
5-1. Мәжіліс депутаттары қараған және олардың жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен мақұлданған конституциялық заң жобасы Сенатқа беріледі, онда алпыс күннен асырылмай қаралады. Сенат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен қабылданған жоба конституциялық заңға айналады және он күн ішінде Республика Президентіне қол қоюға ұсынылады. Конституциялық заң жобасын тұтастай қабылдамауды Мәжіліс немесе Сенат Палата депутаттары жалпы санының көпшілік даусымен жүзеге асырады.
Сенат депутаттары жалпы санының кемінде үштен екісінің даусымен конституциялық заң жобасына енгізілген өзгерістер мен толықтырулар Мәжіліске жіберіледі. Егер Мәжіліс депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен Сенат енгізген өзгерістермен және толықтырулармен келіссе, конституциялық заң қабылданды деп есептеледі.
Егер Мәжіліс, Сенат енгізген өзгерістер мен толықтырулар бойынша дауыс беру кезінде олармен депутаттардың кемінде үштен екісінің даусымен келіспесе, онда палаталар арасындағы келіспеушіліктер келісу рәсімдері арқылы шешіледі.
6. Мемлекеттiк кiрiстi қысқартуды немесе мемлекеттiк шығысты көбейтудi көздейтiн заңдардың жобалары Республика Үкiметiнiң оң қорытындысы болғанда ғана енгiзiлуi мүмкiн. Республика Президентінің заң шығару бастамасы тәртібімен Парламент Мәжілісіне енгізілген заңнамалық актілердің жобалары үшін мұндай қорытындының болуы талап етілмейді.
7. Үкімет енгізген заң жобасының қабылданбауына байланысты Премьер-Министр Парламент палаталарының бірлескен отырысында Үкіметке сенім туралы мәселе қоюға хақылы. Бұл мәселе бойынша дауыс беру сенім туралы мәселе қойылған сәттен бастап қырық сегіз сағаттан ерте өткізілмейді. Егер сенімсіздік білдіру туралы ұсыныс палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшілік даусын ала алмаса, заң жобасы дауысқа салынбай қабылданды деп есептеледі. Алайда Үкімет бұл құқықты жылына екі реттен артық пайдалана алмайды.
Ескерту. 61-баптың 7-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.12. N 3/2, 1999.09.27. N 18/2, 2003.05.13. N 6, 61-баптың 3-тармағының 1) және 2) тармақшаларына түсініктеме берілді - 1999.11.03. N 19/2, 61-баптың 6-тармағына түсініктеме берілді - 2000.06.15. N 9/2, 61-баптың 2) тармағына түсініктеме берілді - 2000.07.03. N 15/2, 61-баптың 1 және 4-тармақтарына түсініктеме берілді - 2001.06.08. N 8/2 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
62-бап. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары
1. Парламент Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар Қазақстан Республикасының заңдары, Парламенттiң қаулылары, Сенат пен Мәжiлiстiң қаулылары түрiнде заң актiлерiн қабылдайды.
2. Республиканың заңдары Республика Президентi қол қойғаннан кейiн күшiне енедi.
3. Конституцияға өзгертулер мен толықтырулар әр Палата депутаттары жалпы санының кемiнде төрттен үшiнiң көпшiлiк даусымен енгiзiледi.
4. Конституциялық заңдар Конституцияда көзделген мәселелер бойынша әр Палата депутаттарының жалпы санының кемiнде үштен екiсiнiң көпшiлiк даусымен қабылданады.
5. Парламент пен оның Палаталарының заң актiлерi, егер Конституцияда өзгеше көзделмесе, Палаталар депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданады.
6. Қазақстан Республикасының Конституциясына өзгерістер мен толықтырулар енгізу мәселелері бойынша кемінде екі оқылым өткізу міндетті.
7. Республиканың заңдары, Парламент пен оның Палаталарының қаулылары Конституцияға қайшы келмеуге тиiс. Парламент пен оның Палаталарының қаулылары заңдарға қайшы келмеуге тиiс.
8. Республиканың заң және өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiн әзiрлеу, ұсыну, талқылау, күшiне енгiзу және жариялау тәртiбi арнаулы заңмен және Парламент пен оның Палаталарының регламенттерiмен реттеледi.
Ескерту. 62-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.07.03. N 15/2, 2007.04.18. N 4 Қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
63-бап. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады
1. Республика Президенті Парламент палаталары төрағаларымен және Премьер-Министрмен консультациялардан кейін Парламентті немесе Парламент Мәжілісін тарата алады.
2. Парламентті және Парламент Мәжілісін төтенше немесе соғыс жағдайы кезеңінде, Президент өкілеттігінің соңғы алты айында, сондай-ақ осының алдындағы таратудан кейінгі бір жыл ішінде таратуға болмайды.
Ескерту. 63-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
64-бап. Үкiмет Қазақстан Республикасының атқарушы билiгiн жүзеге асырады
1. Үкiмет Қазақстан Республикасының атқарушы билiгiн жүзеге асырады, атқарушы органдардың жүйесiн басқарады және олардың қызметiне басшылық жасайды.
2. Үкімет алқалы орган болып табылады және өзінің бүкіл қызметінде Республика Президентінің алдында жауапты, ал Конституцияда көзделген жағдайларда Парламент Мәжілісінің және Парламенттің алдында жауапты.
3. Конституцияның 57-бабының 6)-тармақшасында көзделген ретте Үкiмет мүшелерi Парламент палаталарына есеп бередi.
4. Үкiметтiң құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртiбi конституциялық заңмен белгiленедi.
Ескерту. 64-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
65-бап. Қазақстан Республикасының Президентi Үкiметтi Конституцияда көзделген тәртiппен құрады
1. Қазақстан Республикасының Президентi Үкiметтi Конституцияда көзделген тәртiппен құрады.
2. Республика Премьер-Министрi тағайындалғаннан кейiнгi он күн мерзiм iшiнде Премьер-Министр Үкiметтiң құрылымы мен құрамы туралы Республика Президентiне ұсыныс енгiзедi.
3. Үкiмет мүшелерi Қазақстан халқы мен Президентiне ант бередi.
66-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметi
Қазақстан Республикасының Үкiметi:
1) мемлекеттiң әлеуметтiк-экономикалық саясатының, оның қорғаныс қабiлетiнiң, қауiпсiздiгiнiң, қоғамдық тәртiптi қамтамасыз етудiң негiзгi бағыттарын әзiрлейдi және олардың жүзеге асырылуын ұйымдастырады;
2) Парламентке республикалық бюджеттi және оның атқарылуы туралы есептi ұсынады, бюджеттiң атқарылуын қамтамасыз етедi;
3) Мәжiлiске заң жобаларын енгiзедi және заңдардың орындалуын қамтамасыз етедi;
4) мемлекеттiк меншiктi басқаруды ұйымдастырады;
5) Республиканың сыртқы саясатын жүргiзу жөнiнде шаралар әзiрлейдi;
6) министрлiктердiң, мемлекеттiк комитеттердiң, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдардың қызметiне басшылық жасайды;
7) Республиканың министрлiктерi, мемлекеттiк комитеттерi, өзге де орталық және жергiлiктi атқарушы органдары актiлерiнiң күшiн толық немесе қолданылу бөлiгiнде жояды немесе тоқтата тұрады;
8) Үкiмет құрамына кiрмейтiн орталық атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
9) алып тасталды
10) өзiне Конституциямен, заңдармен және Президент актiлерiмен жүктелген өзге де қызметтердi орындайды.
Ескерту. 66-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 66-баптың 4) тармақшасына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.17. N 4/2, 66-баптың 5) тармақшасына түсініктеме берілді 2001.04.12. N 1/2 қаулыларымен.
67-бап. Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi
Қазақстан Республикасының Премьер-Министрi:
1) Үкiмет қызметiн ұйымдастырып, оған басшылық жасайды және оның жұмысы үшiн дербес жауап бередi;
2) алып тасталды
3) Үкiмет қаулыларына қол қояды;
4) Үкiмет қызметiнiң негiзгi бағыттары жөнiнде және оның аса маңызды барлық шешiмдерi жөнiнде Президентке баяндап отырады;
5) Үкiмет қызметiн ұйымдастыруға және басшылық жасауға байланысты басқа да қызметтердi атқарады.
Ескерту. 67-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
68-бап. Үкiмет мүшелерi өз құзыретi шегiнде шешiмдер қабылдауда дербестiкке ие әрi өздерiне бағынысты мемлекеттiк
1. Үкiмет мүшелерi өз құзыретi шегiнде шешiмдер қабылдауда дербестiкке ие әрi өздерiне бағынысты мемлекеттiк органдардың жұмысы үшiн Қазақстан Республикасы Премьер-Министрiнiң алдында жеке-дара жауап бередi. Үкiметтiң жүргiзiп отырған саясатымен келiспейтiн немесе оны жүргiзбейтiн Үкiмет мүшесi орнынан түсуге өтiнiш бередi не ол лауазымнан босатылуға тиiс.
2. Үкімет мүшелерінің өкілді органның депутаттары болуға, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтерді қоспағанда, өзге де ақы төленетін жұмысты атқаруға, кәсіпкерлік іспен шұғылдануға, заңнамаға сәйкес өздерінің лауазымдық міндеттері болып табылатын жағдайларды қоспағанда, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесінің құрамына кіруге құқығы жоқ.
Ескерту. 68-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284, 2007.05.21. N 254 Заңдарымен.
69-бап. Қазақстан Республикасының Үкiметi өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар қаулылар шығарады
1. Қазақстан Республикасының Үкiметi өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар қаулылар шығарады.
2. Республиканың Премьер-Министрi Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi бар өкiмдер шығарады.
3. Үкiметтiң қаулылары және Премьер-Министрдiң өкiмдерi Конституцияға, заң актiлерiне, Республика Президентiнiң жарлықтары мен өкiмдерiне қайшы келмеуге тиiс.
70-бап. Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарады
1. Үкімет жаңадан сайланған Қазақстан Республикасы Президентінің алдында өз өкілеттігін доғарады.
Республиканың Премьер-Министрі жаңадан сайланған Парламент Мәжілісінің алдында Үкіметке сенім туралы мәселе қояды. Мәжіліс сенім білдірген жағдайда, егер Республика Президенті өзгеше шешім қабылдамаса, Үкімет өз міндеттерін атқаруды жалғастыра береді.
2. Егер Үкiмет және оның кез келген мүшесi өздерiне жүктелген мiндеттердi одан әрi жүзеге асыру мүмкiн емес деп есептесе, олар Республиканың Президентiне өз орнынан түсетiнi туралы мәлiмдеуге хақылы.
3. Парламент Мәжілісі немесе Парламент Үкіметке сенімсіздік білдірген жағдайда Үкімет орнынан түсетіні туралы Республика Президентіне мәлімдейді.
4. Орнынан түсудi қабылдау немесе қабылдамау туралы мәселенi Республиканың Президентi он күн мерзiмде қарайды.
5. Орнынан түсудi қабылдау Үкiметтiң не оның тиiстi мүшесiнiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi. Премьер-Министрдiң орнынан түсуiн қабылдау бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.
6. Үкiметтiң немесе оның мүшесiнiң орнынан түсуi қабылданбаған жағдайда Президент оған мiндеттерiн одан әрi жүзеге асыруды тапсырады.
7. Республиканың Президентi өз бастамасы бойынша Үкiметтiң өкiлеттiгiн тоқтату туралы шешiм қабылдауға және оның кез келген мүшесiн қызметтен босатуға хақылы. Премьер-Министрдi қызметiнен босату бүкiл Үкiметтiң өкiлеттiгi тоқтатылғанын бiлдiредi.
Ескерту. 70-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.11.19. N 11 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
71-бап. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi жетi мүшеден тұрады
1. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесi жетi мүшеден тұрады, олардың өкiлеттiгi алты жылға созылады. Республиканың экс-Президенттерi құқығы бойынша ғұмыр бойы Конституциялық Кеңестiң мүшелерi болып табылады.
2. Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республиканың Президентi тағайындайды және дауыс тең бөлiнген жағдайда оның даусы шешушi болып табылады.
3. Конституциялық Кеңестің екі мүшесін - Республика Президенті, екі-екі мүшеден тиісінше Сенат пен Мәжіліс тағайындайды.
Конституциялық Кеңес мүшелерінің жартысы әрбір үш жыл сайын жаңартылып отырады.
4. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшесiнiң қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
5. Конституциялық Кеңестiң Төрағасы мен мүшелерiн өздерiнiң өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Парламенттiң келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
6. Конституциялық Кеңестiң ұйымдастырылуы мен қызметi конституциялық заңмен реттеледi.
Ескерту. 71-баптың 5-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30. N 10 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
72-бап. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентiнiң
1. Конституциялық Кеңес Қазақстан Республикасы Президентiнiң, Сенат Төрағасының, Мәжiлiс Төрағасының, Парламент депутаттары жалпы санының кемiнде бестен бiр бөлiгiнiң, Премьер-Министрдiң өтiнiшi бойынша:
1) дау туған жағдайда Республика Президентiнiң, Парламент депутаттарының сайлауын өткiзудiң дұрыстығы және республикалық референдум өткiзу туралы мәселенi шешедi;
2) Парламент қабылдаған заңдардың Республика Конституциясына сәйкестiгiн Президент қол қойғанға дейiн қарайды;
2-1) Парламент және оның палаталары қабылдаған қаулылардың Республика Конституциясына сәйкестігін қарайды;
3) Республиканың халықаралық шарттарын бекiткенге дейiн олардың Конституцияға сәйкестiгiн қарайды;
4) Конституцияның нормаларына ресми түсiндiрме бередi;
5) Конституцияның 47-бабының 1 және 2-тармақтарында көзделген реттерде қорытындылар бередi.
2. Конституциялық Кеңес соттардың өтiнiштерiн Конституцияның 78-бабында белгiленген реттерде қарайды.
Ескерту. 72-баптың 1-тармағының 2) тармақшасына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.07.03. N 15/2, 72-баптың 1-тармағының 4) тармақшасына түсініктеме берілді - 2001.12.13. N 19/2 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
73-бап. Конституциялық Кеңеске Конституцияның
1. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 1)-тармақшасында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, Президенттiң қызметiне кiрiсуi, Парламенттiң сайланған депутаттарын тiркеу не республикалық референдумның нәтижелерiн шығару тоқтатыла тұрады.
2. Конституциялық Кеңеске Конституцияның 72-бабының 1-тармағының 2) және 3)-тармақшаларында көрсетiлген мәселелер бойынша өтiнiш жасалған ретте, тиiстi актiлерге қол қою не оларды бекiту мерзiмiнiң өтуi тоқтатыла тұрады.
3. Конституциялық Кеңес өтiнiштер түскен күннен бастап бiр ай iшiнде өз шешiмiн шығарады. Егер мәселе кейiнге қалдыруға болмайтын болса, Республика Президентiнiң талабы бойынша бұл мерзiм он күнге дейiн қысқартылуы мүмкiн.
4. Конституциялық Кеңестiң шешiмiне толығымен немесе бiр бөлiгiне Республиканың Президентi қарсылық бiлдiруi мүмкiн, бұл қарсылық Конституциялық Кеңес мүшелерi жалпы санының үштен екiсiнiң даусымен еңсерiледi. Президент қарсылығы еңсерiлмеген жағдайда, Конституциялық Кеңестiң шешiмi қабылданбады деп есептеледi.
74-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына сәйкес емес деп танылған заңдар мен халықаралық шарттарға қол қойылмайды не, тиiсiнше, бекiтiлмейдi және күшiне енгiзiлмейдi.
2. Конституциялық емес деп танылған, оның ішінде адамның және азаматтың Конституцияда баянды етілген құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтіреді деп танылған заңдар мен өзге де нормативтік құқықтық актілердің күші жойылады және қолданылуға жатпайды.
3. Конституциялық Кеңестiң шешiмдерi қабылданған күннен бастап күшiне енедi, Республиканың бүкiл аумағында жалпыға бiрдей мiндеттi, түпкiлiктi болып табылады және шағымдануға жатпайды.
Ескерту. 74-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2001.12.13. N 19/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
75-бап. Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады
1. Қазақстан Республикасында сот төрелiгiн тек сот қана жүзеге асырады.
2. Сот билiгi сотта iс жүргiзудiң азаматтық, қылмыстық және заңмен белгiленген өзге де нысандары арқылы жүзеге асырылады. Заңда көзделген жағдайларда қылмыстық сот iсiн жүргiзу алқабилердiң қатысуымен жүзеге асырылады.
3. Заңмен құрылған Республиканың Жоғарғы Соты, Республиканың жергілікті және басқа да соттары Республиканың соттары болып табылады.
4. Республиканың сот жүйесi Республика Конституциясымен және конституциялық заңмен белгiленедi. Қандай да бiр атаумен арнаулы және төтенше соттарды құруға жол берiлмейдi.
Ескерту. 75-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 75-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2002.02.15. N 1, 2006.04.14. N 1 қаулыларымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
76-бап. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзiне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын
1. Сот билiгi Қазақстан Республикасының атынан жүзеге асырылады және өзiне азаматтар мен ұйымдардың құқықтарын, бостандықтары мен заңды мүдделерiн қорғауды, Республиканың Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының орындалуын қамтамасыз етудi мақсат етiп қояды.
2. Сот билiгi Республика Конституциясының, заңдарының, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерiнiң, халықаралық шарттарының негiзiнде туындайтын барлық iстер мен дауларға қолданылады.
3. Соттар шешiмдерiнiң, үкiмдерi мен өзге де қаулыларының Республиканың бүкiл аумағында мiндеттi күшi болады.
Ескерту. 76-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.22. N 7/2, 2000.12.20. N 21/2, 2007.04.18. N 4 Қаулыларымен.
77-бап. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады
1. Судья сот төрелiгiн iске асыру кезiнде тәуелсiз және Конституция мен заңға ғана бағынады.
2. Сот төрелiгiн iске асыру жөнiндегi соттың қызметiне қандай да болсын араласуға жол берiлмейдi, және ол заң бойынша жауапкершiлiкке әкеп соғады. Нақты iстер бойынша судьялар есеп бермейдi.
3. Заңды қолданған кезде судья төмендегi принциптердi басшылыққа алуға тиiс:
1) адамның кiнәлi екендiгi заңды күшiне енген сот үкiмiмен танылғанша ол жасалған қылмысқа кiнәлi емес деп есептеледi;
2) бiр құқық бұзушылық үшiн ешкiмдi де қайтадан қылмыстық немесе әкiмшiлiк жауапқа тартуға болмайды;
3) өзiне заңмен көзделген соттылығын оның келiсiмiнсiз ешкiмнiң өзгертуiне болмайды;
4) сотта әркiм өз сөзiн тыңдатуға құқылы;
5) жауапкершiлiктi белгiлейтiн немесе күшейтетiн, азаматтарға жаңа мiндеттемелер жүктейтiн немесе олардың жағдайын нашарлататын заңдардың керi күшi болмайды. Егер құқық бұзушылық жасалғаннан кейiн ол үшiн жауапкершiлiк заңмен алынып тасталса немесе жеңiлдетiлсе, жаңа заң қолданылады;
6) айыпталушы өзiнiң кiнәсiздiгiн дәлелдеуге мiндеттi емес;
7) ешкiм өзiне-өзi, жұбайына (зайыбына) және заңмен белгiленген шектегi жақын туыстарына қарсы айғақ беруге мiндеттi емес. Дiни қызметшiлер өздерiне сенiп сырын ашқандарға қарсы куәгер болуға мiндеттi емес;
8) адамның кiнәлi екендiгi жөнiндегi кез келген күдiк айыпталушының пайдасына қарастырылады;
9) заңсыз тәсiлмен алынған айғақтардың заңды күшi болмайды. Ешкiм өзiнiң жеке мойындауы негiзiнде ғана сотталуға тиiс емес;
10) қылмыстық заңды ұқсастығына қарай қолдануға жол берiлмейдi.
4. Конституциямен белгiленген сот төрелiгiнiң принциптерi Республиканың барлық соттары мен судьяларына ортақ және бiрыңғай болып табылады.
Ескерту. 77-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.03.10. N 2/2, 2007.04.18. N 4 Қаулыларымен.
78-бап. Соттардың Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн
Соттардың Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiретiн заңдар мен өзге де нормативтiк құқықтық актiлердi қолдануға хақысы жоқ. Егер сот қолданылуға тиiстi заң немесе өзге де нормативтiк құқықтық акт Конституциямен баянды етiлген адамның және азаматтың құқықтары мен бостандықтарына нұқсан келтiредi деп тапса, iс жүргiзудi тоқтата тұруға және осы актiнi конституциялық емес деп тану туралы ұсыныспен Конституциялық Кеңеске жүгiнуге мiндеттi.
79-бап. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады
1. Соттар тұрақты судьялардан тұрады, олардың тәуелсiздiгi Конституциямен және заңмен қорғалады. Судьяның өкiлеттiгi тек заңда белгiленген негiздер бойынша ғана тоқтатылуы немесе кiдiртiлуi мүмкiн.
2. Судьяны тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен белгiленетiн әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыс жасаған реттердi қоспағанда, Республика Жоғары Сот Кеңесiнiң қорытындысына негiзделген Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiнсiз не Конституцияның 55-бабының 3)-тармақшасында белгiленген жағдайда, - Сенаттың келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды.
3. Республиканың жиырма бес жасқа толған, жоғары заң бiлiмi, заң мамандығы бойынша кемiнде екi жыл жұмыс стажы бар және бiлiктiлiк емтиханын тапсырған азаматтары судья бола алады. Республика соттарының судьяларына заң бойынша қосымша талаптар белгiленуi мүмкiн.
4. Судьяның қызметi депутаттық мандатпен, оқытушылық, ғылыми немесе өзге шығармашылық қызметтердi қоспағанда, өзге де ақы төленетiн жұмысты атқарумен, кәсiпкерлiкпен айналысумен, коммерциялық ұйымның басшы органының немесе байқаушы кеңесiнiң құрамына кiрумен сыйыспайды.
Ескерту. 79-баптың 2-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30. N 10, 79-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2004.06.23. N 6 қаулыларымен.
80-бап. Соттарды қаржыландыру
Соттарды қаржыландыру, судьяларды тұрғын үймен қамтамасыз ету республикалық бюджет қаражаты есебiнен жүргiзiледi және ол сот төрелiгiн толық әрi тәуелсiз жүзеге асыру мүмкiндiгiн қамтамасыз етуге тиiс.
81-бап. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық
Қазақстан Республикасының Жоғарғы Соты азаматтық, қылмыстық, жергілікті және басқа да соттарда қаралатын өзге де iстер жөнiндегi жоғары сот органы болып табылады, заңда көзделген iс жүргiзу нысандарында олардың қызметiн қадағалауды жүзеге асырады, сот практикасының мәселелерi бойынша түсiнiктемелер берiп отырады.
Ескерту. 81-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
82-бап. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды
1. Қазақстан Республикасы Жоғарғы Сотының Төрағасын және судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесіне негізделген Республика Президентінің ұсынуымен Сенат сайлайды.
2. Жергілікті және басқа да соттардың төрағалары мен судьяларын Жоғары Сот Кеңесінің кепілдемесі бойынша Республика Президенті қызметке тағайындайды.
3. Соттарда конституциялық заңға сәйкес сот алқалары құрылуы мүмкін. Сот алқалары төрағаларына өкілеттіктер беру тәртібі конституциялық заңмен белгіленеді.
4. Жоғары Сот Кеңесі Республика Президенті тағайындайтын Төрағадан және басқа да адамдардан құралады.
5. Жоғары Сот Кеңесінің мәртебесі және жұмысын ұйымдастыру заңмен белгіленеді.
Ескерту. 82-бап жаңа редакцияда - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
83-бап. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың
1. Прокуратура мемлекет атынан Республиканың аумағында заңдардың, Қазақстан Республикасының Президентi жарлықтарының және өзге де нормативтiк құқықтық актiлердiң дәлме-дәл әрi бiркелкi қолданылуын, жедел-iздестiру қызметiнiң, анықтау мен тергеудiң, әкiмшiлiк және орындаушылық iс жүргiзудiң заңдылығын жоғары қадағалауды жүзеге асырады, заңдылықтың кез келген бұзылуын анықтау мен жою жөнiнде шаралар қолданады, сондай-ақ Республика Конституциясы мен заңдарына қайшы келетiн заңдар мен басқа да құқықтық актiлерге наразылық бiлдiредi. Прокуратура сотта мемлекет мүддесiн бiлдiредi, сондай-ақ заңмен белгiленген жағдайда, тәртiпте және шекте қылмыстық қуғындауды жүзеге асырады.
2. Республика Прокуратурасы төменгi прокурорларды жоғары тұрған прокурорларға және Республика Бас Прокурорына бағындыра отырып, бiрыңғай орталықтандырылған жүйе құрайды. Ол өз өкiлеттiгiн басқа мемлекеттiк органдардан, лауазымды адамдардан тәуелсiз жүзеге асырады және Республика Президентiне ғана есеп бередi.
3. Республиканың Бас Прокурорын өз өкiлеттiгi мерзiмi iшiнде тұтқынға алуға, күштеп әкелуге, оған сот тәртiбiмен әкiмшiлiк жазалау шараларын қолдануға, қылмыс үстiнде ұсталған немесе ауыр қылмыстар жасаған реттердi қоспағанда, Сенаттың келiсiмiнсiз қылмыстық жауапқа тартуға болмайды. Бас Прокурор өкiлеттiгiнiң мерзiмi бес жыл.
4. Республика прокуратурасының құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртiбi заңмен белгiленедi.
Ескерту. 83-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.12.26. N 23/2, 83-баптың 3-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.01.30. N 10, 83-бапқа түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2003.12.31. N 13 қаулыларымен.
84-бап. Ескерту
Ескерту. 84-бап алып тасталды - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
85-бап. Жергiлiктi мемлекеттiк басқаруды
Жергiлiктi мемлекеттiк басқаруды тиiстi аумақтағы iстiң жай-күйiне жауапты жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар жүзеге асырады
86-бап. Жергiлiктi өкiлдi органдар
1. Жергiлiктi өкiлдi органдар - мәслихаттар тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстегi халықтың еркiн бiлдiредi және жалпымемлекеттiк мүдделердi ескере отырып, оны iске асыруға қажеттi шараларды белгiлейдi, олардың жүзеге асырылуын бақылайды.
2. Мәслихаттарды жалпыға бiрдей, тең, төте сайлау құқығы негiзiнде жасырын дауыс беру арқылы бес жыл мерзiмге халық сайлайды.
3. Қазақстан Республикасының жиырма жасқа толған азаматы мәслихат депутаты болып сайлана алады. Республика азаматы бiр мәслихаттың ғана депутаты бола алады.
4. Мәслихаттардың қарауына мыналар жатады:
1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi және олардың атқарылуы туралы есептердi бекiту;
2) өздерiнiң қарауына жатқызылған жергiлiктi әкiмшiлiк-аумақтық құрылыс мәселелерiн шешу;
3) заңмен мәслихат құзыретiне жатқызылған мәселелер бойынша жергiлiктi атқарушы органдар басшыларының есептерiн қарау;
4) мәслихаттың тұрақты комиссияларын және өзге де жұмыс органдарын құру, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, мәслихат жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелердi шешу;
5) Республика заңдарына сәйкес азаматтардың құқықтары мен заңды мүдделерiн қамтамасыз ету жөнiндегi өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
5. Мәслихаттың өкiлеттiгiн мерзiмiнен бұрын Республика Президенті тоқтатады, сондай-ақ мәслихат өзiн-өзi тарату туралы шешiм қабылдаған ретте де оның өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылады.
6. Мәслихаттардың құзыретi, ұйымдастырылуы мен қызмет тәртiбi, олардың депутаттарының құқықтық жағдайы заңмен белгiленедi.
Ескерту. 86-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
87-бап. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi
1. Жергiлiктi атқарушы органдар Қазақстан Республикасының атқарушы органдарының бiрыңғай жүйесiне кiредi, тиiстi аумақтың мүддесi мен даму қажеттiлiгiн ұштастыра отырып, атқарушы билiктiң жалпы мемлекеттiк саясатын жүргiзудi қамтамасыз етедi.
2. Жергiлiктi атқарушы органдардың қарауына мыналар жатады:
1) аумақты дамыту жоспарларын, экономикалық және әлеуметтiк бағдарламаларын, жергiлiктi бюджеттi әзiрлеу және олардың атқарылуын қамтамасыз ету;
2) коммуналдық меншiктi басқару;
3) жергiлiктi атқарушы органдардың басшыларын қызметке тағайындау және қызметтен босату, жергiлiктi атқарушы органдардың жұмысын ұйымдастыруға байланысты өзге де мәселелердi шешу;
4) жергiлiктi мемлекеттiк басқару мүддесiне сай Республика заңдарымен жергiлiктi атқарушы органдарға жүктелетiн өзге де өкiлеттiктердi жүзеге асыру.
3. Жергiлiктi атқарушы органды Республика Президентi мен Үкiметiнiң өкiлi болып табылатын тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң әкiмi басқарады.
4. Облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың әкiмдерiн қызметке тиісінше облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың мәслихаттарының келісімімен Республика Президентi тағайындайды. Өзге әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстердiң әкiмдерi қызметке Қазақстан Республикасының Президентi айқындаған тәртiппен тағайындалады немесе сайланады. Республика Президенті өзінің ұйғаруы бойынша әкімдерді қызметтерінен босатуға хақылы.
5. Мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде бестен бірінің бастамасы бойынша әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселе қойылуы мүмкін. Бұл жағдайда мәслихат өз депутаттарының жалпы санының көпшілік даусымен әкiмге сенiмсiздiк бiлдiруге және оны қызметiнен босату жөнiнде тиiсiнше Республика Президентiнiң не жоғары тұран әкiмнiң алдына мәселе қоюға хақылы. Облыстар, республикалық маңызы бар қалалар және астана әкiмдерiнiң өкiлеттiгi жаңадан сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскен кезде тоқтатылады.
6. Жергiлiктi атқарушы органдардың құзыретi, ұйымдастырылуы және олардың қызмет тәртiбi заңмен белгiленедi.
Ескерту. 87-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284, 2007.05.21. N 254 Заңдарымен.
88-бап. Мәслихаттар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша шешiмдер
1. Мәслихаттар өз құзыретiндегi мәселелер бойынша шешiмдер, ал әкiмдер - тиiстi әкiмшiлiк-аумақтық бөлiнiстiң аумағында орындалуға мiндеттi шешiмдер мен өкiмдер қабылдайды.
2. Мәслихаттардың жергiлiктi бюджет кiрiсiн қысқартуды немесе жергiлiктi бюджет шығысын ұлғайтуды көздейтiн шешiмдерiнiң жобалары әкiмнiң оң қорытындысы болған кезде ғана қарауға енгiзiлуi мүмкiн.
3. Қазақстан Республикасының Конституциясы мен заңдарына сәйкес келмейтiн мәслихат шешiмдерiнiң күшi сот тәртiбiмен жойылуы мүмкiн.
4. Әкiмдердiң шешiмдерi мен өкiмдерiнiң күшiн тиiсiнше Қазақстан Республикасының Президентi, Үкiметi не жоғары тұрған әкiм жоюы мүмкiн, сондай-ақ олардың күшi сот тәртiбiмен жойылуы мүмкiн.
Ескерту. 88-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.05.31. N 3/2 қаулысымен.
89-бап. Қазақстан Республикасында жергiлiктi маңызы бар мәселелердi тұрғын халықтың өзi шешуiн қамтамасыз ететiн жергiлiктi өзiн-өзi басқару танылады
1. Қазақстан Республикасында жергiлiктi маңызы бар мәселелердi тұрғын халықтың өзi шешуiн қамтамасыз ететiн жергiлiктi өзiн-өзi басқару танылады.
2. Жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды тұрғын халық тiкелей жүзеге асырады, сондай-ақ ол мәслихаттар және халық топтары жинақы тұратын аумақтарды қамтитын жергiлiктi қоғамдастықтардағы басқа да жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдары арқылы жүзеге асырылады.
Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарына мемлекеттік функцияларды жүзеге асыру заңға сәйкес берілуі мүмкін.
3. Қазақстанда жергiлiктi өзiн-өзi басқаруды ұйымдастыру мен олардың қызметі заңмен реттеледі.
4. Жергiлiктi өзiн-өзi басқару органдарының дербестiгiне олардың заңмен белгiленген өкiлеттiгi шегiнде кепiлдiк берiледi.
Ескерту. 89-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
90-бап. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы референдум
1. Республикалық референдумда қабылданған Қазақстан Республикасының Конституциясы референдум нәтижелерi ресми түрде жарияланған күннен бастап күшiне енедi, сол мезгiлден бастап бұрынғы қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының күшi жойылады.
2. Республикалық референдумда Конституция қабылданған күн мемлекеттiк мереке - Қазақстан Республикасының Конституциясы Күнi деп жарияланады.
91-бап. Қазақстан Республикасының Конституциясына Республика Президентiнiң өз бастамасымен
1. Қазақстан Республикасының Конституциясына Республика Президентiнiң өз бастамасымен, Парламенттiң немесе Үкiметтiң ұсынысымен қабылданған шешiмi бойынша өткiзiлетiн республикалық референдум өзгертулер мен толықтырулар енгiзуi мүмкiн. Егер Президент оны Парламенттiң қарауына беру қажет деп ұйғарса, Конституцияға енгiзiлетiн өзгертулер мен толықтырулар жобасы республикалық референдумға шығарылмайды. Мұндай жағдайда Парламенттiң шешiмi Конституцияда белгiленген тәртiппен қабылданады. Егер Республика Президентi Конституцияға өзгерiстер мен толықтыруларды республикалық референдумға шығару туралы Парламенттiң ұсынысын қабылдамай тастаса, онда Парламент Палаталарының әрқайсысының депутаттары жалпы санының кемiнде бестен төртiнiң көпшiлiк даусымен Парламент осы өзгерiстер мен толықтыруларды Конституцияға енгiзу туралы заң қабылдауға хақылы. Мұндай жағдайда Республика Президентi осы заңға қол қояды немесе оны республикалық референдумға шығарады, егер республикалық референдумға қатысуға құқығы бар Республика азаматтарының жартысынан астамы дауыс беруге қатысса, ол өткiзiлдi деп есептеледi. Республикалық референдумға шығарылған Конституцияға өзгерiстер мен толықтырулар, егер олар үшiн облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың кемінде үштен екісінде дауыс беруге қатысқан азаматтардың жартысынан астамы жақтап дауыс берсе, қабылданды деп есептеледi.
2. Конституцияда белгiленген мемлекеттiң бiртұтастығын және аумақтық тұтастығын, Республиканы басқару нысанын өзгертуге болмайды.
Ескерту. 91-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен, 91-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1998.12.04. N 13/2 қаулысымен, өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
92-бап. Конституциялық заңдар Конституция күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде қабылдануға тиiс
1. Конституциялық заңдар Конституция күшiне енген күннен бастап бiр жыл iшiнде қабылдануға тиiс. Егер Конституцияда конституциялық деп аталған заңдар немесе заң күшi бар актiлер ол күшiне енген кезде қабылданып қойған болса, онда олар Конституцияға сәйкес келтiрiледi де, Қазақстан Республикасының конституциялық заңдары деп есептеледi.
2. Конституцияда аталған өзге заңдар Парламент белгiлейтiн тәртiп пен мерзiмде, бiрақ Конституция күшiне енген күннен бастап екi жылдан кешiктiрiлмей қабылдануға тиiс.
3. Республика Президентiнiң өзiне берiлген қосымша өкiлеттiктi жүзеге асыру мерзiмi iшiнде "Қазақстан Республикасының Президентi мен жергiлiктi әкiмдерге уақытша қосымша өкiлеттiк беру туралы" 1993 жылғы 10 желтоқсандағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес шыққан және заң күшi бар Жарлықтары Республика заңдарын өзгерту, толықтыру немесе күшiн жою үшiн көзделген тәртiппен ғана өзгертiлуi, толықтырылуы немесе күшiн жоюы мүмкiн. 1993 жылғы 28 қаңтарда қабылданған Қазақстан Республикасы Конституциясының 64-бабының 12-15, 18 және 20-тармақтарымен көзделген мәселелер бойынша өзiне берiлген қосымша өкiлеттiктi жүзеге асыру мерзiмi iшiнде шыққан Республика Президентiнiң Жарлықтары Республика Парламентiнiң бекiтуiне жатпайды.
4. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдары оған қайшы келмейтiн бөлiгiнде қолданылады және Конституция қабылданған күннен бастап екi жыл iшiнде оған сәйкес келтiрiлуге тиiс.
Ескерту. 92-баптың 4-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2000.06.15. N 8/2 қаулысымен.
93-бап. Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкiмет
Конституцияның 7-бабын жүзеге асыру мақсатында Үкiмет, жергiлiктi өкiлдi және атқарушы органдар, арнаулы заңға сәйкес, Қазақстан Республикасының барлық азаматтары мемлекеттiк тiлдi еркiн әрi тегiн меңгеруi үшiн қажеттi ұйымдастырушылық, материалдық және техникалық жағдайдың бәрiн жасауға мiндеттi.
94-бап. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан
1. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Президентi Конституция белгiлеген Қазақстан Республикасы Президентiнiң өкiлеттiктерiне ие болады және оларды 1995 жылғы 29 сәуiрде республикалық референдумда қабылданған шешiм бойынша белгiленген мерзiм iшiнде жүзеге асырады. Қазақстан Республикасы Президентiнiң келiсiмiмен Республика Президентi өкiлеттiгiнiң қазiргi мерзiмi Республика Парламентi Палаталарының бiрлескен отырысында Палаталардың әрқайсысының депутаттары жалпы санының көпшiлiк даусымен қабылданған Республика Парламентiнiң қаулысымен қысқартылуы мүмкiн. Мұндай жағдайда Парламент Мәжiлiсi бiр ай iшiнде Қазақстан Республикасы Президентiнiң сайлауын тағайындайды. Осы сайлаудың қорытындылары бойынша сайланған Республика Президентi сайлау қорытындылары жарияланған күннен бастап бiр ай iшiнде ант бередi және жетi жылдан кейiн желтоқсанның бiрiншi жексенбiсiнде өткiзiлуге тиiс кезектi Президент сайлауында сайланған Республика Президентi қызметiне кiрiскенге дейiн өз өкiлеттiгiн жүзеге асырады.
2. Конституция күшiне енген кезде қолданылып жүрген Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес сайланған Қазақстан Республикасының Вице-Президентi өзi сайланған мерзiм аяқталғанға дейiн өкiлеттiгiн сақтайды.
Ескерту. 94-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен.
Ескерту. 94-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 2005.08.19. N 5 қаулысымен.
94-1-бап. Конституцияның 41-бабы 1-тармағының
Конституцияның 41-бабы 1-тармағының Республика Президентінің өкілеттік мерзімін белгілейтін ережесі 2005 жылғы 4 желтоқсандағы сайлауда сайланған Республика Президентінің жеті жылдық өкілеттік мерзімінің аяқталуына байланысты өткізілетін президенттік сайлау қорытындысы бойынша Республика Президенті болып сайланған адамға қолданылатын болады.
Ескерту. 94-1-баппен толықтырылды - Қазақстан Республикасының 2007.05.21. N 254 Заңымен.
95-бап. Бiрiншi сайланған Сенат
1. Бiрiншi сайланған Сенат депутаттарының жартысы төрт жыл мерзiмге, депутаттардың екiншi жартысы екi жыл мерзiмге конституциялық заңмен белгiленген тәртiппен сайланады.
2. Қазақстан Республикасы Конституциясының Парламент Мәжiлiсi депутаттарын партиялық тiзiмдер негiзiнде сайлау туралы ережелерi екiншi шақырылатын Парламент Мәжiлiсi депутаттарын сайлаудан бастап қолданылады.
Ескерту. 95-бапқа өзгерту енгізілді - Қазақстан Республикасының 1998.10.07. N 284 Заңымен.
Ескерту. 95-баптың 1-тармағына түсініктеме берілді - Қазақстан Республикасы Конституциялық Кеңесінің 1999.11.29. N 24/2 қаулысымен.
96-бап. Конституция күшiне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Министрлер
Конституция күшiне енген күннен бастап Қазақстан Республикасының Министрлер Кабинетi онда белгiленген Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң құқықтарына, мiндеттерi мен жауапкершiлiгiне ие болады.
97-бап. Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнiң бiрiншi құрамы былайша құрылады
Қазақстан Республикасының Конституциялық Кеңесiнiң бiрiншi құрамы былайша құрылады: Республика Президентi, Парламент Сенатының Төрағасы мен Парламент Мәжiлiсiнiң Төрағасы Конституциялық Кеңестiң мүшелерiнен бiр бiрден үш жыл мерзiмге, ал Конституциялық Кеңестiң мүшелерiнен бiр бiрден алты жыл мерзiмге тағайындайды, Конституциялық Кеңестiң Төрағасын Республика Президентi алты жыл мерзiмге тағайындайды.
98-бап. Конституцияда көзделген сот төрелiгi мен тергеу органдары тиiстi заңдарда көзделген тәртiп пен мерзiмде құрылады
1. Конституцияда көзделген сот төрелiгi мен тергеу органдары тиiстi заңдарда көзделген тәртiп пен мерзiмде құрылады. Олар құрылғанға дейiн жұмыс iстеп тұрған сот төрелiгi мен тергеу органдары өз өкiлеттiктерiн сақтайды.
2. Қазақстан Республикасының Жоғарғы Сотының және Жоғары Төрелiк Сотының, жергiлiктi соттардың судьялары Конституцияда көзделген соттар құрылғанға дейiн өз өкiлеттiктерiн сақтайды. Судьялардың бос орындары Конституцияда белгiленген тәртiппен толықтырылады.