Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні
4 маусым Қазақстан Мемлекеттік рәміздер күнін атап өтті.
Тәуелсіз Қазақстанның жаңа мемлекеттік рәміздері алғаш рет 1992 жылғы 4 маусымда бекітілді. Қазақстан Президентінің жарлығына сәйкес 2007 жылдан бастап бұл күн елімізде Қазақстан Республикасының Мемлекеттік рәміздер күні ретінде аталып өтеді. Рәміздерге: Қазақстан Республикасының Мемлекеттік туы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік елтаңбасы, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік гимні жатады.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік Туы - ортасында 32 шұғылалы күн, оның астында қалықтап ұшқан қыран бейнеленген тік бұрышты көгілдір түсті мата. Тудың сабының тұсында ұлттық өрнек тік жолақ түрінде нақышталған.
Қазақстанның Мемлекеттік елтаңбасы – дөңгелек нысанды және көгілдір түс аясындағы шаңырақ түрінде бейнеленген, шаңырақты айнала күн сәулесіндей тарап уықтар шаншылған. Шаңырақтың оң жағы мен сол жағында аңыздардағы қанатты пырақтар бейнесі орналастырылған. Жоғарғы бөлігінде – бес бұрышты көлемді жұлдыз, ал төменгі бөлігінде «Қазақстан» деген жазу бар. Жұлдыздың, шаңырақтың, уықтардың, аңыздардағы қанатты пырақтардың бейнесі, сондай-ақ «Қазақстан» деген жазу – алтын түстес.
Көк күмбезін еске салатын және Еуразия көшпенділерінің дәстүрлі мәдениетінде тіршіліктің негізгі бастауының бірі боп саналатын шаңырақ – киіз үйдің басты жүйе құраушы бөлігі. Республиканың Мемлекеттік елтаңбасындағы шаңырақ бейнесі – елімізді мекендейтін барлық халықтардың ортақ қонысының, біртұтас Отанының символы. Шаңырақтың мықтылығы мен беріктігі оның барлық уықтарының сенімділігіне байланыстылығы секілді, Қазақстанда бақытқа жету әрбір азаматтың аман-есендігіне байланысты.
Аңыздағы қанатты тұлпарлар Мемлекеттік елтаңбадағы өзекті геральдикалық элемент болып саналады. Бағзы замандағы тұлпар бейнесі батылдықты, сенімділікті және ерік күшін танытады. Пырақтың қанаты Қазақстанның көпұлтты халқының қуатты және гүлденген мемлекет құру туралы ғасырлар бойғы тілегін аңғартады. Олар – шынайы ой-арман мен ұдайы жетілуге және жасампаз дамуға ұмтылыстың көрінісі. Сонымен қатар, арғымақтың алтын қанаттары алтын масақты еске салады, қазақстандықтардың еңбексүйгіштігін және еліміздің материалдық игілігін танытады.
Қазақстан жаңалықтары ақпараттық агенттігінің хабарлауы бойынша