Қазақстанда ҰБТ басталды

Date: 2014-06-02 09:36:49
Қазақстанда ҰБТ басталды

2 маусым, 2014. Астана. Бүгін Қазақстан мектептерінің түлектері Бірыңғай ұлттық тестілеуді тапсыруға кірісті. Бірінші күні ҰБТ 61 орында өтіп, оған 27 670 түлек қатысатын болады. 

Ағымдағы жылы ҰБТ форматы өзгермейді. Ұлттық тестілеуге мектеп бітіруші түлектердің 72 пайызы яғни, 92 077 оқушы қатысады деп күтілуде, оның ішінде 63 603 қазақ тілінде және 28 474 орыс тілінде оқыған мектеп бітірушілер.

Ұлттық жоғары оқу орындарына түсу үшін конкурсқа қатысудың шектік деңгейі 70 балды құрайды; «Жалпы медицина» бағыты бойынша – 55.

Барлық басқа жоғары оқу орындарына, оның ішінде ақылы бөлімге өту балы – 50.

Астана қаласында ҰБТ Л.Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университеті, С.Сейфуллин атындағы Қазақ агротехникалық университеті және Қазақ гуманитарлық заң университетінің негізінде өтеді.

Білім және ғылым министрлігі бір жыл бойы еліміздің түкпір-түкпірінде орналасқан білім беру мекемелеріндегі педагогтар, мектеп бітірушілері мен олардың ата-аналарымен ақпараттық-түсіндірме жұмыстарын жүргізді. Бұл 72 000 адамды қамтыды.    

Бітірушілердің емтиханға психологиялық бейімделуі үшін республика мектептерінде байқау сынақтары өткізілді. ҰБТ пәндері бойынша 800 мыңға жуық сынақ сұрақ-кітапшалары, 200 мыңнан астам оқу-әдістемелік құралдар басылып  шығарылды.

Әрбір ҰБТ өткізу орындарында мемлекеттік комиссиялар, апелляциялық комиссия жұмыс істейді. Министрлік жанында Республикалық апелляциялық комиссия өз жұмысын бастайды.

Барлық аудандарда жергілікті атқарушы органдар мен мемлекеттік комиссиялар ҰБТ-ны сәтті тапсыру үшін барлық қажетті жағдайларды жасауда.